Оралда баспаналы боламыз деп алданғандар үш жылдан бері қаржысын қайтара алмай жүр
Оралда "Рой" кооперативіне ақша салып, баспанасына қол жеткізе алмағандар шу шығарды. Бірнеше жылдан бері кезек күтіп шаршаған тұрғындар салған ақшасын қайтаруды талап етіп кооператив кеңсесіне баса-көктеп кірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: кадрдан скриншот
“2019 жылдан бастап осы ROI-ға үй аламыз деп ақша салдық. Балаларымыз, өзіміз жинап салып, ақшамыз қазір жиналып қалды. Енді ROI-дан үй ала алмай жатырмыз, 2022 жылдан бастап ақшамызды қайтарып алуға арыз жаздық. 2022 жылдың қыркүйегінен осы уақытқа дейін ақшамызды ала алмай жүрміз”, – дейді салымшылардың бірі Жаңылсын Исағалиева.
Кооператив кеңсесіне жиналған салымшылар баспана аламыз деген арманмен бар ақшасын құйған. Алғашқыда бірнеше адам пәтер алып қоныс той жасапты. Кейін баспаналы болғандардың қатары сирей бастаған. Осыны көріп күдерін үзген салымшылар кооперативпен келісімшартты бұзыпты. Бірақ "Рой" компаниясы ешкімнің ақшасын кері қайтаруға асығар емес.
Барлығының кооператив кеңсесін жағалап жүргеніне үш жылға жуықтаған. Салған қаражатының сомасы да әртүрлі. Бүгін де тұрғындар кооператив төрағасын орнынан таппады. Басшының телефон арқылы берген жауабы мынадай.
“Бірден айтайын, ешкім сіздерді алдаған жоқ. Себебі біздің шотты жауып тастады. Олар ақшаларыңызды үнемі суырып әкетіп шығып жатыр. Қараңыздар, шотты жапқанына дәлел бар, көрсете аламыз”, – деп ақталды компания басшысы.
Бұған дейін Ұлттық экономика министрі 1 мамырдан бастап іске қосылатын жаңа ипотекалық бағдарлама туралы айтқан еді.