"Оның өмір салты сондай болған": Бишімбаев келіншегін отбасылы еркектермен жүрген деп айыптады
Қуандық Бишімбаев сотта Салтанат Нүкенованы Қазақстанға танымал кәсіпкердің бұрынғы көңілдесі болған деп айыптады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Жоғарғы соттың баспасөз қызметі
“Менің кабинетімде бір адамның суреті, яғни сол адаммен менің түскен суретім тұр. Салтанат бір кездері сол адамның көңілдесі болған екен. Мен оны танимын. Бұл ақпарат төбемнен жай түскендей болды. Ол Салтанаттан 20 жастан аса үлкен, 4 баласы бар. Қазақстанға танымал адам. Сенімді болу үшін атын да айта кетейін”, – деді Қуандық Бишімбаев.
Сот айыпталушыға ескерту жасап, біреудің атын атаудың қандай салдары болуы мүмкін екенін түсіндірді.
“Мен оның жеке деректерін жария етейін деп тұрған жоқпын. Тек атын ғана айтамын. Есімі – Райымбек. Мен ол адамды танимын, жұмыс барысымен танысқанбыз, ортақ танысымыз көп. Қатты таңғалдым”, – дейді Қуандық Бишімбаев.
Оның сөзінше, Қуандық Салтанатқа ашық сөйлесейік, жасырмай бәрін айтуын өтінген.
“Ең қатты ренжігенім – біз демалысқа барып, оңаша қалғанда ештеңе айтпағаны. Сол кезде “неге айтпадың, тойға дейін мүмкіндігің болды ғой” деп ем, “қалай айтамын, екеуіміздің қарым-қатынасымызды бұзып аламын ба деп қорықтым” деді.
Ол 22 әлде 23 жасында Максим есімді азаматқа тұрмысқа шыққысы келген, ол келіп құда түскен. Сол кезде ол жігіт те осы деректерді естіп, той болмай қалған екен. Осының салдарынан қорқып, менен жасырып қалыпты. Оны енді қазір неге айтып жатсың, бұл да қарым-қатынасқа зиянын тигізеді ғой деп ем, “мүмкін біреулерден естіп қаларсың” деп қорықтым дейді”, – деп айтып берді экс-министр.
Бишімбаев оның ылғи отбасылы адамдармен қарым-қатынас құрғанын айтты.
“Оның бұған дейінгі Данияр есімді жігіті де отбасылы адам болған. Павлодар облысы басшысының баласы Ринатпен де кездескен, ол да отбасылы адам. Мұның бәрін маған әлдекімдерден естіп қоя ма деп айтқан екен. 20 жастан бастап 27-28 жасқа дейін өмір салты осындай болған. “Әдемі қызсың, айналаңда жігіттер де аз болмаған шығар, неге мұндай әрекетке бардың деп ем “қаншалықты мойындау қиын болса да айтайын, маған материалдық қолдау керек болды” деді.
Нүкенованың адвокаттары іс материалдарында жоқ ойдан құрастырылған мәліметтерді айтуға тыйым салуды сұрады. Оған ешқандай дәлел де жоқ деп шағымданды олар. Нүкенованың адвокаттары үшінші адамның атын атауға болмайтынын айтып сотқа шағымданды.
Ал Бишімбаевтың адвокаты “ол “Азаптау” бабы бойынша пікір білдіріп жатыр, жанжалдың себебі бар ма, жоқ па соны анықтап алу керек. Ешкім оның аузын жаба алмайды. Адам қалай болғанын айтып берсін. Қазір сіздер оның аузын жабуға тырысып жатсыздар деп ойлаймын”, деп ашуланды.
Судья да Бишімбаевқа ескерту жасап, іс төңірегіндегі жайттарды айтып беруін сұрады.
Ал Айтбек Амангелді егер ол адамның өлімге қатысы болмаса түсіндіру үшін оны жәй ғана “1-адам” деп айтуды сұрады.
“Атын атаудың қажеті жоқ. Егер бұл сөздердің дәлелі болмаса қазір тікелей эфирде болып отырған сот кезінде бүкіл Қазақстанға Салтанаттың да, басқа адамдардың да атын қаралауға болмайды”, – деді Нүкенованың ағасы.
“Қазір айтылып отырған жағдайлар тойдан кейін болған, ал өлім 8-9 қарашада болған, яғни айыптауға еш қатысы жоқ. Оған қоса алқабилердің марқұм Нүкеноваға қатысты пікірін бұрмалауға әкеледі”, деді адвокаттар.
“8-9 қараша – айыптаудың екінші эпизодына жатады. Ал бірінші эпизод оған дейін басталған. Осы деректерді ескере келе айыптау актісіне сәйкес кезеңдерді қамтып баяндауды сұраймын”, – деп түсіндірді судья.
Бұған дейін Бишімбаев тойдан кейін келіншегінің мінез-құлқы өзгеріп, ашушаң болып кеткенін айтты.