Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өмірзақ Шөкеев отставкаға кете ме: Түркістан облысының әкімдігі жауап берді

Түркістан облысының әкімдігінің өкілдері облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің отставкаға кетуіне қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Сот Кентау қаласының бұрынғы әкімі Дәурен Махажановты пара алғаны үшін кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырғаны белгілі болды.

Осы ретте, маусым айында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев брифингте Кентау қаласының бұрынғы әкімі Дәурен Махажановтың кінәсі сот арқылы дәлелденсе, қызметінен кететінін мәлімдеген болатын.

"Мемлекеттік саяси қызметшілер Конституцияда және "Мемлекеттік қызмет туралы" заңда белгіленген негіздер мен тәртіпте отставкаға кету және жұмыстан босату туралы өтінішхат беретінін ескертеміз. 60-бапқа сәйкес отставка соттың айыптау үкімі заңды күшіне енгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде беріледі", - деп жауап берді әкімдіктегілер.

Облыс басшылығы қазіргі таңда Кентау қаласының бұрынғы әкіміне қатысты үкімнің заңды күшіне енбегенін түсіндірді.

"Заңға сәйкес Түркістан облысының әкімі отставкаға кету туралы жазбаша өтініш береді. Отставканы қабылдау немесе бас тарту туралы шешім жазбаша өтініш берілген күннен бастап бір ай ішінде қабылданады. Түпкілікті шешімді Қазақстан Республикасының Президенті қабылдайды", – деп қосты баспасөз қызметі.

Шөкеевтің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай Түркістан облысының әкімі қызметін уақытша атқаратын болды, деп қорытындылады әкімдік.

Талқылау