Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР
БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

27 жасында министрдің кеңесшісі атанған Олжас Сүлеймен: Менің екі-ақ аға-көкем бар

Олжас Сүлеймен  — "Болашақ" бағдарламасымен Қытайға оқуға түсіп, сол елде тоғыз жыл бойы құрылысшы-инженер саласында үлкен тәжірибе жинаған қазақстандық кәсіпкер. Аспан асты елінде бірнеше отандастарымыздың басын қосып, Тонгжи университетінде "International Students Association" ұйымын ашқан қазақ жігіті 24 жасында 1500 адаммен бәсекеге түсіп, топ жарып, әлемдегі ең мықты компаниялардың біріне жұмысқа орналасқан. Ал 27 жасында "Sheberbuild" құрылыс компаниясының директоры және еліміздің Дін істері және азаматтық қоғам министрінің штаттан тыс кеңесшісі атанды. Ол Stan.kz тілшісіне жетістікке аға-көкенің көмегінсіз қалай жетуге болатынын, Қытайда тұрғанда көкейіне не түйгенін, қазақтардың қытайлықтардан нені үйрене алатынын, БҰҰ-да сөз сөйлеуінің мақсаты қандай болғанын айтып берді. 

Олжас Сүлейменов

"Дарын" сыйлығының иегері бүгінде өзі негізін қалаған "Global" құрылыс компаниясына жетекшілік етуде.

Олжас, бала күніңізде өміріңізді қалай елестететін едіңіз? Жетістікке жетемін деп ойладыңыз ба?

Аллаға шүкір, ата-анамыздың ғана емес, ауылдағы көпті көрген қариялардың, текті ұрпақ тәрбиелеген әжелеріміздің, баршаға сыйлы болған үлкендердің тәрбиесін көріп өстім. Әке-шешеммен қатар, ол кісілер кішкентай күнімнен еңбекке барынша жақын болуымды қадағалап, дұрыс бағыт-бағдар беруге тырысты. Елімізде тоқсаныншы жылдары керемет тіршілік болмаса да, сол уақытпен тұспа-тұс келген балалық шағым өмірімдегі ең керемет, ыстық кезеңдердің бірі. Бала күнімді еске ала отырып, тоқсаныншы кезеңде адамдар бір-бірімен жақынырақ болған деген ойға келемін. Қазір көршілердің қоян-қолтық араласып, жатқанын көре бермейміз ғой, ал ол кезде біз өзіміздің ғана емес, көрші үйдің баласы болып өсуші едік. Өзім қатарластарымнан белгілі бір қасиеттермен ерекшелендім деп айта алмаймын, бірақ арманшыл болғаным өмірде жетістікке жетуіме үлесін қосты. Нұра өзенінің жағалауында жатып, аспанда ұшқан ұшақтарға қарап "Қашан ел мен жерді көремін" деп армандайтынмын. 

Кішкентай кезіңізден есіміңізге деген жауапкершілікті сезінгеніңіз рас па? 

Жауапкершіліктің жүгі салмақты екенін өсе келе түсіндім. Адам баласы біреуді үлгі тұтып, сол секілді мықты болуға тырысамын деумен жеке тұлға емес, оның көшірмесі болып қалуы мүмкін. Мұндай жағдай орын алмас үшін әркім өзінің даралығын ұғынуы қажет. Мен Олжас Омарұлы Сүлейменов жазушы екен деп әдебиет саласына бет бұрып кетпеймін ғой, өмірден өз орнымды ойып тұрып табуға ұмтыламын. Ол кісінің маған: "Әлем футболдан бірнеше Роналдуны танығандай, бірнеше Олжасты танитынына сенемін", — деп айтқаны бар. Өзім осы мақсатыма жетуім үшін еңбектеніп жатырмын. 

Жетістікке жетудің формуласы бар ма және оған жоспарлы түрде жетуге бола ма?

Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев "Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап" деген өлеңінде айтқандай адамды алға жетелейтін —  білім мен еңбек. Осы екеуі мен үшін жетістікке жетудің қарапайым жолы. Бірақ білім дегенді дұрыс түсіну керек. Қазір өзін-өзі даму туралы мақалаларды, танымал бизнесмендердің кітабын оқып, көңілге тоқығанын пайдаға жарата алмауы жас буын арасында таралып келеді.

Бүгінде ағылшын тілі әлемдік деңгейдегі мүмкіндіктерге жол ашатын, үздік құралдардың бірі болған соң жастардан: "Ағылшын тілінде сөйлей аласың ба?", — деп сұрақ қойып, "жоқ" деген жауапты жиі естимін. Қызығушылық танытып, тіл оқуға не кедергі келтіретінін сұрасам, қаражаты жоқ екенін алға тартады. Бірақ қымбат телефон секілді материалды заттарға келгенде ақшасын аямайды. Осыдан бізде білімге деген талпыныстың жоқтың қасы екенін түсінемін. Өзін жақсы көретін адам инвестицияны өзіне құйюға ерінбейді, ақшасын пайдасыз дүниеге жұмсамайды.

Сондай-ақ, дініміздің өзінде білімнің құндылығы жайында көп айтылатынын ескерген маңызды. Ата-бабамыз: "Білім мен иман - қос қанатың, бірінсіз бірін бос қалатын", "Білімді адамға иман парыз, иманды адамға ғибадат парыз", — деп өте орынды айтқан. Білім мен иманды ұштастыра білген адамнан мықты тұлға шығатынына сенімдімін. 

Мен талант деген дүниеге мүлдем сенбеймін. "Бір пайыз талант, тоқсан тоғыз пайыз еңбек", — деген ұстанымым бар. Егер адам еңбектенетін болса, міндетті түрде жетістікке жетеді. "Алмас қылыш қынабында жатпайды" демекші, талпынысы мықты "өткір бала" көздегеніне жетпей қоймайды.

Жетістікке жету үшін еңбек, білім, арман, жақсы команда керек. Тізімді жалғастырып жіберсеңіз?

Мінез керек. Мінезді мен еңбектенген кезде көздеген мақсаттан таймай, қалағанына көз жеткізу деп түсінемін. Мысалы, мемлекеттік қызметкер болсаңыз, сізге біреу пара ұсынса, оны алмау керексіз. Сіз мінезді екеніңізді осыдан көрсетесіз. Кәсібіңізді біреу тартып алып жатса, басыңызға қиын сынақ түссе, сынып кетпеуіңізге мінез көмектеседі. Менің ойымша, қазақ зиялысы Әлихан Бөкейханов сол үшін де адамды мінез жетелейтінін, ел басқарудың мінезден екенін тектен-текке айтпаған. Қазақты қалың ұйқыдан оятқан қайраткерлер "Гарвардта", "Оксфордта" оқымаса да, Алла оларға адал абырой берді. Екінің біріне дарымайтын қасиет адам бойына мінез арқылы дариды деп ойлаймын. Сонымен қатар, жұрт оны атақпен шатастырады. Бірақ атақты адам уақыт өте ұмытылады, ал абыройлы адам өмірден өтсе де, ұмытылмай елге сыйлы болып қала береді.

27 жасыңызда шенеунік атандыңыз. Мемлекеттік қызметті ішінен көрген азамат ретінде ой-пікіріңізбен бөліссеңіз, біз шенеуніктерді жиі сынаймыз, жұмыстарына көңіліміз толмайды. Мемлекеттік қызмет сізге не берді?

Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметті ұнатпауымның өзіндік себебі бар. Бизнесте құрылыста өзіңіздің жұмысыңызға баға беру оңай, ал мемлекеттік жұмыс көзге көрінбегендіктен оны бағалау бірінші кезекте басқаға емес, өзіңізге қиын. Сондықтан сол салада жұмыс істейтіндерге менің жаным ашиды. Отандастарымыздың басым бөлігі министрлерге қарап барлық мемлекеттік қызметкерлерді сынайды. Көпке топырақ шашып, барлығына парақор деген айып тағуға болмайды. Олардың ішінде сабырлық етіп, сексен мың теңгеге күн көріп жатқандар бар. Қырық-елу пайызының баспанасы жоқ. Ұйқысыз жұмыс істесе де, біз оларды сынап жатамыз. Олар қоғамдық орындарда сенбі, жексенбі күні келіп, қарапайым адамдар секілді демала алмайды. Келіп отырса, суретке түсіріп, желіде таратып жіберетіндер тағы бар. Олар да біз қатарлы адам ғой. Жұмыс бағаланбайтын болған соң, менің ондай жерлерге барғым келмейді. Кеңесші болғанда керемет кеңес бердім, қатырдым деп айта алмаймын. Шамам келгенше адал қызмет етуге тырыстым, тәжірибе жинадым. Үлкен дүниелерді іске асырдым деп айта алмасам да, өзімнің принциптерімнен тайған жоқпын. 

Мұндай қызметке 27 жаста "аға-көкенің көмегінсіз" орналасу мүмкін бе?

Адамдар менің кеңесші болғанымды біледі, бірақ сол қызметке келу үшін қалай еңбектенгенімді білмейді. Ағасы-көкесі бар деп айтар, бірақ менің екі-ақ аға-көкем бар. Біреуінің аты - білім, екіншісінікі - еңбек. Сосын ата-анамнан алған тәрбием бар. Басқа ешқандай құпиям жоқ. Адалдықпен, жүрегімді тыңдап, жетістіктерге өзім жетіп жатырмын. 

"Ағаң, танысың болмаса, жұмысқа тұру мүмкін емес" дегенге кәміл сенетін отандастарымыз бар. Бұл бұрыс стереотип пе әлде? 

Мүлдем жоқ деп айта алмаймын. Менің ойымша, мұндай әдіс кейбір жерлерде бар. Бірақ көбінесе соны өмірлік ұстанымына айналдырып, қайта-қайта айтып жүретіндер — еріншек адамдар. Еріншектің соқасы көлеңкеде тұрақтайды. Ерінбейтін болсаңыз, талаптанып ізденсеңіз, өзіңізге инвестиция құйсаңыз, бәрі де болады. Қазақстанда жұмыс жоқ дегенге сенбеймін, жұмыс өте көп. Өзіміз кейбір кездері өзімізге жұмыскер таба алмай қиналамыз. Бірақ бізде барлығы әкім не шенеунік болғысы келеді. Сварщиктің жалақысы әкімдікінен жоғары, дегенмен бізде дұрыс сварщик жоқ. Біреу келісер, тағы да басқа біреу пікірімді бұрыс дер, әйтсе де менің ойым осы. 

Қытайда тоғыз жыл тұрдыңыз. "Болашақ" бағдарламасы бойынша оқып, жұмыс істедіңіз. Қытайда мұсылмандарды қайта тәрбиелейтін лагерлер бар. Қазақ бауырларымызды ол жақтан шығарып алудың жолдары бар ма, қалай ойлайсыз? 

Тоғыз жыл бойы әр күн сайын елге қайтатын күнімді күттім. "Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол" дегенді көбісі түсінбей жай айта береді. Бұл мақалды мән-тәнімен түсіну деген бөлек дүние. Тоғыз жылдың ішінде Қазақстан түсімізге кірген ел. Қазіргі кездің өзінде Қытайда жүргенім түсіме кірсе, кәдімгідей шошып оянамын да, елімде жатқанымды көрген кезде жүрегім орнына түседі.

Қытайда болып жатқан мұсылмандардың жағдайы, әрине, қынжылтады, мен ол туралы әлеуметтік желіде жазба да қалдырғанмын. Елшілікпен кездесіп, қазақтарға жағдайды жеңілдетуді талап етіп, көздегенімізге жеттік. Мен ол жақтағы қандас бауырларымызбен жақын қарым-қатынастамын, тығыз араласамыз. Қазіргі жағдай түзелді деп айтып жатады, бірақ бәрібір де тек қана қазақтарға ғана емес, аспан асты еліндегі барлық мұсылман бауырларға қиянат жасауды тоқтату үшін мемлекет дипломатиялық тұрғыда БҰҰ-мен бірігіп, үлкен іс-шаралар қолданылуы керек деп ойлаймын. Қытайдағы көп жағдай сыртқа шығып жатқан жоқ, бізге келіп жатқаны шамамен 40%-ы ғана. 

Біз қытайлықтардан нені үйрене аламыз? 

Қытайлықтар — өте тұйық, ішіндегісін сыртқа көрсетпейтін халық. Біз өзбектерді, ресейліктерді танимыз, бірақ Қытайды білмейміз деп айта аламын. Сізге күліп қараса да, қытайлықтың не ойлап тұрғанын түсіну оңай емес. Олардың осы қасиетін бойымызға сіңіріп, үйренсек, Қытаймен белгілі бір деңгейде жұмыс істей аламыз. Аспан асты елінде Қазақстанды зерттейтін отыз жеті институт бар. Қытайлықтар қазақтардың өзге ұлттан артықшылығы мен кемшілігін жақсы біледі. Менің ойымша, Қазақстан да көрші елді зерттеуге кірісуі керек. 

2015 жылы БҰҰ-да сөз сөйлеуіңіздің мақсаты?

Ол кезде БҰҰ-ның жетпіс жылдығына орай әлемдік деңгейде жарыс өткен еді. Оған 130 мемлекеттің өкілдері қатысты. Барлығының ішінен менің қытай тілінде жазған эссем жеңіп шығып, маған БҰҰ-ның мінберінен сөйлеу бақыты бұйырды. Эссе қытай тілінде жазылғандықтан тақырыбымызды қытай тілінде қорғап, жақсы алып шығуға қатты дайындалдық. Жиынның тақырыбы "Әлем азаматы" болғандықтан, ұлттық құндылықтарымызды ұстанбауға кеңес берді.

Ол жерде 192 мемлекеттің мүшесі отырды, дүниежүзілік телеарналар түсірілім жүргізді. Мен бүкіл әлем көрсін деп кеудеге тағатын ту пішінді кішкентай танамоншағымды сөз сөйлеуге тағып шықтым. Сондай-ақ айтқым келген дүниемді қазақ тілінде айттым. Менің көкейімде бұл арқылы хайп жасау немесе батыр болу сынды ой жоқ еді. Ата-анам, жақындарым менің мінберге шығып сөз сөйлеуімді тағатсыздана күтіп отырды, қытай тілінде сөйлегенімде олар мені түсінбей қалушы еді. Соларға сәлемдеме болсын дедім. Сосын қазақ тілін 192 мемлекеттің өкілдері, әлем естісе деп ниеттендім.

 

 

Автор: Айару Шаймерден 

 

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет!  Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР

"Қалайтындар ақымақ өшуіңді": Гүлзира Айдарбекованың жазбасы жұрттың жүрегін елжіретті (видео)

Желі қолданушылары әншіге ұзақ ғұмыр тіледі

Қазақстанның қай аумағында қалыңдық пен күйеужігіт көп?

Қазақстандағы әйелдердің саны 566,5 мың

Батыс өңірлерде ыстық басылады: Алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы

2019 жылғы 24-26 тамызға арналған болжам

"Кім көрінгенді алады": Бақытжан Сағынтаев Алматы автобустарының жүргізушілері туралы

Қала басшысы биыл Қытайдан 200 автобус келетінін айтты

Сот Таразда жетімдер үйінің негізін салған америкалыққа Қазақстанда тұруға рұқсат бермеді

Шетелдік азаматша Тараздағы балаларға көмек көрсететін қордың негізін салушы

Осымен екінші рет: Түркістан облысында ер адам кейуананы тірідей өртеп жібермек болды

Қария полицейлердің тек таңертең келгенін айтып шағымданды

"Бір шешімге келіп, ұсыныс жасадым": Кентал Әсел Асқардың қолына сақина тақты

Өнер иесі атышулы арудың жақсы қасиеттерін айтып берді

Адам ағзаларын тура көшеде тұрып өртеген: Шымкентте шу шықты

Компания биыл үш рет ұсталса да, ереже бұзуды жалғастыруда

"Қасымда бол": Салтанат Бақаева күйеуіне арнап бейнебаян түсірді

Жұрт жұлдызды жұпқа бақыт тіледі

Ресейде полицейлер қазақстандық қызды зорлады: ҚР СІМ түсініктеме берді

Ресейде полицейлер зорлаған қазақстандық қыз елшіліктің көмегіне жүгінбеген
Çàãðóçêà...