Өлер алдында видео түсіріп, желіге жүктеген: Жөндеу жұмыстарының дауыстарына ашуланған азамат көршісінің қызын атып өлтірді
Ресейдің Чита қаласында көршілері шулағаны үшін қару қолданып, 9 жастағы қызды атып тастады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Оқиға 17 ақпанда орын алған. Көршісінің құрбаны болған жеткіншек өлер алдында видео түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген.
"Мас көршіміз айқайға басып, біздің үйдің есігін сындырайын деп тұр. Оның тұрғанына біраз уақыт болды, әкем дүкенге кетіп қалған еді. Інім екеуміз қатты қорқып отырмыз", - дейді қыз бала TikTok желісіне жүктеген видеода.
Ер азамат көршілерінің үйінде жөндеу жұмыстарына байланысты шығатын дыбыстарға наразы болған көрінеді. Марқұм қыз құрбысын күтіп отырған деседі, мас ер адам кетіп қалды деп ойлап, есікті ашқан сәтте көршісі тапаншамен атып жіберген.
Марқұм жеткіншектің әкесі көршісінің бірнеше рет үйге келгенін айтады. Сөзінше, сол күні қаскүнем қызды емес, оның әкесін өлтіруге бекініп келген.
Қазіргі таңда күдікті өз кінәсін жартылай ғана мойындаған. Бұған қоса, оның бұған дейін істі болғаны анықталыпты.