"Оларға берген көмек суға ағып кеткендей": Жазира Байырбекова құмар ойынға тәуелді адамдарға қатысты пікір білдірді
Белгілі әнші, эстрада жұлдызы Жазира Байырбекова қоғамда белең алып тұрған құмар ойынға қатысты жеке көзқарасын білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/zhazira_bairbekova/
Өнер иесі құмар ойынға тәуелді адамдардың сыртқы белгілерін де атап, отбасы татулығын құрдымға кетіретін дүниеден аулақ болуға шақырды.
“Негатив жазғым келмейді. Бірақ, қаншама отбасы зардап шегіп отырған мәселе. Бірі айтса бірі үнсіз басынан өткеріп жүр. Құмар ойынын ойнау ауру ма, әдет пе білмеймін?! Құмар ойынын ойнайтын адамдардың белгілері қандай?
Олар қоя ала ма? Мен білетін ондай адамдар (кімнің атында болса да) үй, көлік, жер бәрін ойынға салған. Әлі де ерік берсең сала бермек. Олар үнемі айналасына шағымданып жүреді. Оларға берген көмек суға ағып кеткендей болады. Олар қателігін мойындамайды. Аянышты көрінуге тырысады”, – деп жазды әнші.
-
Қазақстанда онлайн-казино мен лицензиясы жоқ букмекерлер қызметіне тыйым салынады
-
Қазақстанда букмекерлік кеңселер мен лотереяларды жарнамалауға тыйым салынады
Сонымен қатар құмар ойынды ауыздықтауға ат салысып, істің мән-жайын түсіндіріп, мінберлерден айтып жүрген халық қалаулыларын қолдауға шақырды.
“Меніңше, мұндайларға көмек – тек құмар ойынына тыйым салу. Президент үшін бұл мәселені шешу оңай деп ойлайтынбыз.
Бірақ Руслан Берденов пен Елнұр Бейсенбай сияқты депутаттар екі жылдан бері бар күшін салып жүр.
Елімізде құмар ойынына тыйым салынғанын қаласаңыздар қос депутаттың жазғанын қолдап, репост жасап отырайық”, – деді эстрада жұлдызы.
Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс мемлекеттік және әскери қызметкерлерге құмар ойындарға қатысуға тыйым салатын заңды мақұлдаған еді.