Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ол өзін ер ретінде көрсетті": Қайрат Құдайберген "Дикий" Арманмен алаңда бірге болғанын мәлімдеді

"Арман Жұмагелдиев алаңда адамдарды сабырлыққа, арандатушылыққа берілмеуге шақырды!" Алматы қалалық мәслихат депутаты, танымал кәсіпкер Қайрат Құдайберген ел арасында "Дикий" Арман атанып кеткен жігіт туралы осылай деді. Депутат Арманмен 6 қаңтар күні алғаш кездескенін, сол күні қандай жағдай болғанын баяндап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Фото: Instagram/kudaibergen_kairat

Айтуынша, Алматыдағы көтеріліске дейін ол Арманмен жеке таныс болмаған. Ал тәртіпсіздіктер басталған соң, Жұмагелдиевпен Тәуелсіздік алаңында танысқан. 

"6 қаңтар күні күндіз Арманмен бірінші рет тәуелсіздік алаңында кездестік және бірге тұрып адамдарды сабырлыққа, провокацияларға берілмеуге шақырдық. Ол адамдарды тек бейбітшілік митингке, үкіметпен сөйлесуге шақырды. Бірақ провокаторлар пайда болып, оны алаңның басқа жағына алып кетті, мен тұрған орнымда қалдым. Қасыма елдің ішінде жүрген бірнеше жігіт келіп, "Аға, мына жердегі провокаторлар сізді өлтіріп кетуі мүмкін, сізді көлігіңізге дейін шығарып салайық" деді. Оларға мың да бір рахмет!" –  деп жазды Қайрат Құдайберген Instagram-дағы парақшасында. 

Бұдан кейін депутат үйіне қайтып, киім ауыстырып, алаңға қайта шыққанын айтады. Желі істен шыққан уақытта намысты жігіттердің басын құрап, митингіге шыққандарды содырлардың арандауына түсіп қалмауға шақырғанын жеткізді. Бұл істе оған "Дикий" Арман көмектесіпті. 



"Бауырларыма қоңырау шалып, дружиныға 70-тен аса жігітті жинадым, оларға @azamat.ospanov.k бауырымның тепсе темір үзетін 30-дай спортшы достары қосылды. Оны естіген Арман бауырымыз жақсылықта басымыз бір болсын деп өзінің жүзден астам жігіттерімен келді.

Осы 200-ден астам  батырлармен митингте жүрген адамдардың беттерін бұру үшін қайта алаңға шықтық.

Алаңда адамдарды сабырлыққа, мейірімділікке, бейбітшілікке шақырған кезде, провокаторлар Арманға бөтелке, таяқ, тас лақтыра бастады. Мені таныған ел басқа жаққа алып кетті, ал Арманды аямай сабады, біреу арттан келіп таспен басын жарды.

Одан кейін Арманның жігіттері (оның арасында біздің де еріктілер бар) емханаларды қорғауға алды, тегін азық-түлік таратты, бұзақыларды ұстады. Арманның қандай қылмыстар жасағанын мен білмеймін, бірақ бұл ситуацияда өзін ер ретінде көрсетті", – деді Қайрат Құдайберген.

Депутаттың сөзіне қарағанда, әлдекімдер оған Арманды жақтап сөйлемеуге кеңес берген. Қылмыс әлемінің серкесін жақтаса, депутаттық беделіне нұқсан келтіретінін ескерткен. Алайда Қайрат Құдайберген шындықты ашық айтуды жөн көргенін айтады. 
"Бұл жазбаны шығармай тұрып маған көп адам хабарласып, сен депутатсың ғой, ал Арман – "криминальный авторитет", қазір сен оның ОПГсында барсың деп өзіңді де жала жабады, онымен сөйлесе берме, деп маған ақыл айтқан.

Бірақ қазағым "Жақсының жақсылығын айт, мейірі тасысын, жаманның жамандығын айт, құты қашсын" деп бекер айтпаған. Сол себептен көргенді ешбір қорықпай және саясатты қоспай, ашық айтып отырмын! Намысты, жігерлі қазақтың батырлары көп болғай!" – деп түйіндеді сөзін ол.

Еске салсақ, 7 қаңтарда Алматыдағы арнайы операция барысында "Дикий Арман" бастаған ұйымдасқан қылмыстық топтың алты мүшесі ұсталғаны хабарланды. Кеше Арман Жұмагелдиевтің сот шешімімен 2 айға қамауға алынғаны белгілі болды.

 

Талқылау