Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Оқу ордасында әлімжеттік терең бой алған": Ақтөбеде мектеп-интернатта қаза болған оқушының жақындары істің әділ өтуін талап етті

Ақтөбе қаласындағы Есет батыр атындағы олимпиада резервін дайындайтын спорт интернатында 8-сынып оқушысы Бексұлтан Әбубәкіров әлімжеттік салдарынан көз жұмды. Марқұмның жақындары мектепте әлімжеттік терең бой алғанын айта отырып, күдіктілердің бәрі жазаланғанын талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Көреміз” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Видеодан скриншот

11 сәуірде интернаттың жатақханасында 14 жастағы балуан мерт болды. Марқұмның анасы Зоя Базарбаева кенжесінен айырылғанына қапалы. 5 қыздан кейін дүниеге келген ұлының мектепте көз жұмғанына сене алар емес. Ананың айтуынша, сол күні 17 бала бір бөлмеге жиналған. Қазір өлімге екі адам күдікті болғанымен, негізі 7 бала жабылған дейді. Одан бөлек мектеп әкімшілігі істі тыныш жауып, бала өзі талып қалды деген. 

“Бексұлтанды соққыға жыққан 7 оқушы жазалансын. Сондай-ақ бөлмесінде талып қалды деген директор жалған ақпарат таратқаны үшін жазаға тартылуы керек. Мектепте тәрбиеші, вахта қызметкерлері отырды, олар неге бейнебақылау камерасын қарамаған”, – деді Бексұлтан Әубәкіровтың әпкесі Жайна Өмірова.

Сонымен қатар ол оқушылар мен студенттерді бір жатақханаға орналастыру дұрыс емес дейді. Өйткені әлімжеттіктің бәрі содан басталып отыр.

Бексұлтанның егізі Ерсұлтан да осы мектеп-интернатта сыңарымен бірге оқыған екен. Әпкелері бұл оқиға Ерсұлтанның қабырғасын қайыстырды дейді. Бала сыңарын қорғай алмағанына өзін кінәлап, жабылып қалған көрінеді. Әбден күйзеліске түсіп, қорқып қалған.

“Олар 328-бөлмеде жатады. Сол күні колледж студенттері 413-бөлмеге бәрін жинаған. Бексұлтан мен 10 сыныптасы барған. Мектеп әкімшілігі істі жаппақ болғанымен қоймай, алдымызға келіп, бір рет те кешірім сұрамады”, – деді әпкесі.

Мектеп әкімшілігі Бексұлтан Әбубәкіровтің өте тәртіпті, үздік оқушы болғанын мәлімдеді. Еркін күрес балуаны болған, іс-шараларда ән айтқан. Бұған дейін ата-анасына да, жақындарына да әлімжеттік көргенін айтып, шағымданбаған екен.

“Мектепте “қасиетті бейсенбі” деген бар екен. Әр бейсенбіде жоғары сыныптың балалары мен колледждің студенттері оларды жинайды, тәртіпке салғандай боп ұрады. Сол күні оларды “донерге ақша бермедіңдер” деп ұрған екен”, – деді марқұмның анасы. 

Сол күні жанында болған сыныптастары жағдайдың қалай болғанын айтып берді. 

“9-сыныптың оқушылары келді. Бәрін шапалақпен ұрып шықты. Сосын екіншісі келіп, төстен ұрып шықты. Тағы біреуі төстен және шапалақпен ұрды. Сол кезде бір жігіт “не мына ұрғандарың, дұрыстап ұрсаңдаршы” деді. Соңында Бексұлтанның төсінен бір тепті. Ол ыңырсып талып қалды. Ерсұлтан “тұршы, тұршы” деп бетінен ұрып оятқысы келді, табанын ұрса, тұрмайды”, – деді интернаттың тәрбиеленушісі. 

300 бала оқитын Есет батыр атындағы олимпиада резервін дайындайтын спорт интернатында мұндай жағдай бұрыннан бар екен. 2019 жылы еркін күрес балуаны пышақ жарақатынан қаза болған. 2021 жылы балуандар пышақтасқан. Балалар мектеп әкімшілігіне бұл жайтты айтсақ та, ешкім сөзімізді елемеді дейді. Тіпті осы мектепте жүріп, балам ауыр жарақат алды дейді тағы бір ата-ана.

“Мектепте әлімжеттік жасалады. Балам жарақат алды. Невропатолог оның миы шайқалғанын айтты, содан кейін ауруханаға жатқыздық. Талмасы ұстап, есінен танады. Күннен-күнге жағдайы ушығып жатыр. Түнде шыңғырып жылап, бастырылады, “теппеңдер” деп айқайлайды. Басында кім соққыға айтқанын жасырып жүрді, кейін сыныптасы екені анықталды”, – деді ата-ана.

“Бір күні балама қоңырау шалсам, “қасиетті бейсенбіге дайындалып, Құдайға жалбарынып жатырмыз” деді. Ол не десем, “қазір браттар келіп кетті, жиналыңдар деді” дейді. Осыны тәрбиешіге айтайын десем, жылады. “Айтпа, әйтпесе арты жаман болады” деді. Айтып қойған балаға күн бермей, шеттетеді екен ғой. Үлкен балалар кішкентайларды тыр жалаңаштап билетеді, мазақ қылады”, – деді тағы бір ата-ана.

“Жыныс мүшеңді көрсет дейді. Ұялып, көрсетпеймін дегенімде қорқытты. Сосын амалсыз көрсеттім. Ұруға, тиісуге сылтау іздеп тұрады. Сосын бейсенбіде соны айтып, ұрады. Ұра бергеннен шаршап кеттім де, директорға айттым. Олар ұрған баланы шығарамыз деді де, бірақ түбінде шығарған жоқ”, – деді сол мектептің оқушысы. 

Ал Бексұлтанды өлтірді деген күдікке ілінгендердің бірі 9-сыныпта оқиды, ал екіншісі колледж студенті екен. Олар тергеу изоляторында жатыр. Колледж студенті күдікті Ақарыс Қалиев – еркін күрестен Қазақстан чемпионы екен.

Істердің бірі "бұзақылық" бабы бойынша, екіншісі “өлімге әкеп соқтырған денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру” фактісі бойынша қозғалды. Үшінші іс міндетін дұрыс атқармағаны үшін оқу орнының басшылығына қатысты.

Айта кетейік, 11 сәуірде олимпиадалық резервтегі мектеп-интернатында Бексұлтан есімді оқушының есінен танып, кейін көз жұмғаны туралы ақпарат тараған. Алайда жақындарының сөзінше, марқұм жоғары сынып оқушыларынан әлімжеттік көрген. Аталған дерекке қатысты полиция күдіктінің ұсталғанын мәлімдеді.

13 сәуірде Instagram-да көз жұмған баланың әпкесінің үндеуі пайда болды. Қыз Бексұлтанды орта мектеп оқушылары өлтірді деп жазды. Егіз Бексұлтан мен Ерсұлтан Есет батыр атындағы олимпиадалық резерв мектебінің 8-сыныбында оқып, сол жерде тұрған екен. Жақындарының сөзінше, марқұм құлап, есінен танды деген ақпарат жалған. 

Талқылау