Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Оқу материалы мен сабақтарын бұғаттамақ": Narxoz студенттері университет басшылығының жеке емханаға тіркелуге мәжбүрлеп жатқанына шағымданды

Narxoz университетінің студенттері оларды ЖОО басшылығы “Асмед" медициналық емханасына мәжбүрлі түрде тіркеп жатқанын айтты. Олар шағымын журналист Козачковқа жолдаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Narxoz университетінің 1-курс студенттерінің сөзінше, "Асмед" медициналық емханасына тіркелмегендердің оқу материалдары мен сабақтары бұғатталатынын айтқан.

“Мұны міндетті медициналық тексеріс деп сылтауратады, онда студенттерге арнайы Тұрғыт Озал көшесіндегі “Асмед” клиникасына тіркелу бланкілері беріледі. Алайда қосымшада бұл емхананы көбі нашар деп сипаттаған. Дәрігерлердің деңгейі төмен және қызмет көрсету сапасын жаман деп бағаланған. Мекеменің орташа рейтингі – 5 ұпайдан 3,3 ұпай”, – деп жазды Козачков Telegram-арнасында.



Сөзінше, бұл жерде жеке пайда да көзделген. Яғни мемлекет әр науқас үшін емханаларға айына 1618 теңге төлейді. Тіпті ешқандай қызмет көрсетпесе де, осы нақты медициналық мекемеде тіркелгені үшін ақша бөлінеді.

“Wikipedia мәліметтері бойынша Narxoz-да 7 мыңнан астам студент оқиды. Олардың барлығын "Асмедке" тіркелуге мәжбүрлесе, емхана иесі әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан айына 11 миллион теңгеден астам қаражат алады. Жылына 135 миллионнан астам”, – деді журналист.

Университет бұл мәлімдемені жоққа шығарып, ешкімді мәжбүрлемегенін мәлімдеді. 

“Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” кодексінің талаптарына сәйкес, білім беру мекемелерінің барлық оқушысы мен қызметкері медициналық тексеруден және флюорографиядан өтуге міндетті. Студенттер мен қызметкерлерге ыңғайлы болу үшін университет өз аумағында медициналық тексеру мен флюорографиядан тегін өтуді ұйымдастырды. Студенттер мен қызметкерлер өз қалауы бойынша кез келген басқа медициналық ұйымда медициналық тексеруден және флюорографиядан өтуге толық құқылы. Олардан қандай да бір жеке медициналық мекемеге міндетті түрде тіркелу талап етілмейді”, – деп мәлімдеді Narxoz университетінің баспасөз қызметі.

Талқылау