ОҚО-да зорланды делінген баланың ісіне қатысты шенеуніктер жұмыстан қуылды
Оңтүстік Қазақстан облысында зорланды делінген жеті жасар баланың ісіне қатысты жоғары шенді шенеуніктер жұмыстан қуылды, деп хабарлайды Қазақпарат.
Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Сарыағаш ауданы Абай ауылында орын алған келеңсіз жағдайға байланысты жауапты тұлғаларға ескерту мен сөгіс берді.
Жиында әкім аталған оқиға дер кезінде назарға алынып, тиісті жұмыстар атқарылмағандықтан, бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғам арасында дау туғанын айтты. Осы мәселеге қатысты жауапты азаматтар тәртіптік жазаға тартылатынын жеткізді.
Тергеу объективті және жан-жақты жүргізілуін қамтамасыз ету үшін тергеу амалдары аяқталғанға дейін осы оқиғаға қатысты барлық лауазымды тұлғалар мен жауапты қызметкерлер өз қызметтерінен уақытша шеттетілді. Облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібековке қатаң ескерту берілді. «Аудандағы жағдайды дер кезінде назарға алып, тиісті шара қабылдамаған аудан әкімі Қайрат Әбдуәлиевке қатаң сөгіс жариялаймын. Бұдан бөлек, сол салаға жауапты аудан әкімінің орынбасары Құдірет Қыстаубаевқа шара қолдануды және Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Бауыржан Майрихов пен №73, №74 жалпы орта мектеп директорларын тергеу амалдары аяқталғанша жұмыстан шеттетуді тапсырамын», – деді Жансейіт Түймебаев.
Осыған дейін ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкілі Зағипа Бәлиеваның зорлық көрді делінген оқушы баламен кездескені хабарланған болатын. Бәлиеваның айтуынша, баланың денсаулығы мен құқығын қорғау мақсатында тергеуші балаға ешкімнің де қандай да бір сұрақ қоя алмайтын қаулы шығарған.
Айта кетейік, бұған дейін ОҚО-да мектеп оқушыларына 7 жасар оқушыны зорлады деп айып тағылған болатын. Кейіннен 1-сынып оқушысыныңзорланбағаны анықталды. Жәбір көрдім деген баланың өзі оқиғаның қалай болғанын айтып берді. 1-сынып оқушысының зорлану оқиғасына қатысты Аружан Саин көпшілікке үндеу жариялады.
Бұған дейін аудандық білім бөлімінің басшысы: 7 жасар бала шынымен зорланған болса, мен қызметімнен кетем деген болатын.
Тағы да оқыңыз:
Жерімді тегін берем деген қазақ жігіті оны кімге табыстағанын айтты
Бишімбаевтың әйелі: Күйеуімді он жылға соттайды деп ойлаған жоқпын
Сені қатты жақсы көрдім: Жүкті әйелдің күйеуіне жазған хаты жұртты жылатты