Нұрлан Қоянбаев: Мектепте мұғалім болып бір рет сабақ бердім де, жұмыстан шығып кеттім
Нұрлан Қоянбаев – мамандығы бойынша тарих пәнінің мұғалімі. Өзі қалап, тарих саласын қызыға оқыған. Алайда мұғалім бола алмай, жұмыстан шығып кеткенін айтады. Дегенмен тарихты білу ешқашан артықтық етпейді дейді.
Бұл туралы продюсер Talim TV арнасына берген сұхбатында айтты.
Нұрлан Қоянбаев қызметін мектеп мұғалімі болып бастағанын айтады. Тәжірибеден өте алмаған соң бұл менің жұмысым емес деп түйген. Осыдан соң өнер әлеміне қадам басқан.
“Мен тарих пәнін оқыдым. Бізді тәжірибеден өтуге жіберетін. Мен қалалық мектептердің біріне бардым. Ашық сабақ өту керек болды. Оған кәдімгідей дайындалғанмын. Бірақ 45 минутта айтатын сабақты 20 минутта бітіріп тастадым. Содан не істерімді білмей сасып қалдым. Ата-ана, мұғалімдер қарап отыр. Бір кезде уақыт өтсін деп бір оқушыдан сабақ сұрап едім, ол сабақ айтқым келмейді деді. Не істерімді білмедім. Сосын айттым: “Бар сабағым осы. Басқа айтарым жоқ” деп. Шынымды айтайын дедім. Содан бастап сабақ берген емеспін. Менің жұмысым емес екенін түсіндім. Содан КВН-ге кеттім”, – деді әзілкеш.
- Актриса Жазира Еркін: Кәмшат Жолдыбаеваға лас кесеге шай құйып бергенмін
- "Ешқайсысы ұнамады": Роза Рымбаева өзіне сөз салғандар туралы айтты
Қоянбаев дегенмен тарихты білу ешқашан артықтық етпейді деп санайды. Себебі, ол – біздің өткеніміз. Тарихты оқыған адам жаман болмайды деп кеңес етті.
“Бүкіл қазақстандық бір жыл тарихты оқып, бір жыл тарихи кино көріп, кітаптарды оқыса, өзіміздің мықты екенімізді білер едік. Қай жерден қате кеткенін, қалай даму керек екенін түсінер едік. Қазіргі біздің проблемамыз ата-балаларымыздың жағдайының қасында түкке тұрғысыз екенін түсінер едік”, – деді ол.
Продюсердің тарихи кинолар түсіріп жүрген кейбір отандық режиссерлерге өкпесі қара қазандай.
“Бізде бір режиссерлер шықты. Ауылдың өмірін мазақ қылып, сол арқылы қалалықтарды күлдіргісі келді. Ауылды жаман көрсетіп, өзімізге өзімізді күлдіртіп қойды. Неге ауылды әдемі етіп түсірмеске? Тарихи кино түсірсе, жұпыны қып көрсетеді. Неге даламызды, байлығымызды, дастарханымызды көрсетпейді. Молшылықты неге көрсетпейді? Неге Рим империясы жайлы кинода актерлерді патшадай қылып киіндіріп қояды? Ал біз дастарханға ешнәрсе қоя алмаймыз? Ет пен сүйектен басқа. Барды бар етіп көрсету ол да мәдениет емес пе?” – деді Қоянбаев.
Әзілкеш өз киносына сын айтқандарға қатысты да өз ойын білдіре кетті.
“Менің киноларымды шала тілді деп сынайды. Көріне бастаған соң сынайтын шығар, бірақ менің мақсатым бар. Мен бірден қазақша кино түсіре алмаймын. Қазақстанды мен құрған жоқпын. Екі тілді қылған жоқпын. Бірден ешнәрсе болмайды, жайлап келеді. Бірден, екіден қосылады. Ақырындап келу керек. Қазақты мазақ қылып көрсетпеймін. Керісінше, қазақты мықты қылып көрсеткім келеді. Форматын өзгерткім келеді. Біздің киноның да Голливудтан мықты екенін көрсеткім келеді. Касса маңызды емес”, – деді продюсер.