Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нұрдәулет Шертім: Қасымда жүрген достарым қымбат көлігімді тартып алып кетті, оларды ел таниды

Қазақстандық әзілкеш, актер Нұрдәулет Шертім басынан өткен оқиғасын айтты. Ол бір кездері бірге жүрген достарының өзін сатып кеткенін айтты. Достары бала-шағасынының көзінше Нұрдәулеттің көлігін тартып алып кеткен. Қазір сол үшін түрмеде отырған көрінеді. 

Бұл туралы "Уақыт көрсетеді" бағдарламасында айтылды. 

Нұрдәулет Шертім бүгінде өз алдына жеке актер. Бұған дейін КВН арқылы көз таныс. Нұрлан Қоянбаевпен бірге бірнеше жобада бой көрсетті. Әзілкеш жігіттермен бірге жүрді. Алайда бір кездері бірге жүрген достарына өкпесі қара қазандай. Досым деп жүргені жауы болып шыққан. 

"Мен Алматыдан елордаға көшіп келдім. Алматыда отбасыммен келмек болдым. Астымда көлігім бар. Жұмысқа шақырту алдым. Отбасымды көшіріп, бала-шағамды мектептерге, балабақшаға орналастырып, пәтер жалдап, жұмысқа келуді жоспарладым. Сол уақытта достарым бір ауылға барып концерт қоямыз деді. Мен бас тарттым. Себебі олай келіспеген едік. Мен ешкімге уәде берген жоқпын. Концерт беру туралы әңгіме болған емес. Досым ағаларына мен келіп концерт қояды деп айтып қойыпты. Мен бармаған соң ерегес басталды", - деді актер.


"Рахат Әлиев келіп бетімнен шапалақпен бір қойды": Нұрдәулет Шертім еш жерде айтылмаған сырын айтты


Бұл ерегес соңы төбелеске дейін жетті. Жігіттер өзара отырып айтысты. Ақырында Нұрдәулет көліксіз қалды. 

"Мен оған концерт қоюға бармайтынымды айттым. Қасындағы жігіттерге түсіндіруге тырыстым. Қасында кім болғанын айтпай-ақ қояйын. Досым деп жүрген адамдар дос емес екен. Көршілерім, отбасымның көз алдында ерегес болып жатқандықтан, түсінбестік болмасын деп көлік ішіне кіріп сөйлестік. Кейін басқа жаққа барып отырдық. Олар бұл жағдайды қолдан жасап, кино ойнап отыр екен. Өтірік роль ойнап, менің көлігімді алып кетті. Мен үш күннен соң маңызды жұмысқа баруым керек болғандықтан, бұл мәселені осылай жылы шештім. Төбелестен көзім көгеріп, жұмыстағыларға бір айдан соң барамын деп ақтала алмаймын ғой. Бұл маңызды жұмыс еді.

Жұмысқа орналасып, бала-шағамды орналастырып, бәрін реттеп алған соң осы жағдайды қайта қараймын деп өзіме уәде бердім. Ал мен дайын болып келгенде оларды таппай қалдым. Екі жыл жүрдім. Жүйкем жұқарды. Екі жыл көлігімді ала алмай жүрдім. Ақыры заң жүзінде сөйлесу керек болды. Ол жігіттің аты-жөні Айдын Ешебаев. Қазір түрмеде отыр. 4 жылға сотталды. Күнделікті кешірім сұрайды. Мен оны баяғыда кешіріп қойғанмын. Бірақ көлігімді бермеді", - деді актер. 

Айтуынша, көлікті де дауламай мәселені жаба салғысы келген. Алайда намысы жібермепті. Одан бөлек достары мен заңгер мамандар мәселені заңмен шешуге кеңес берген екен. 

Талқылау