Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

8-қабаттан құлап бара жатқан қызды құтқарып қалған Сәбит Шонтақбаев марапатталды

Төтенше жағдайлар министрлігі 8-қабаттағы терезеден құлап кете жаздаған баланы аман алып қалған Сәбит Шонтақбаевты марапаттады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Төтенше жағдайлар министрлігінде бірінші вице-министр генерал-лейтенант Ибрагим Күлшімбаев батыр-азамат Сәбит Шонтақбаевты "Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін" төсбелгісімен марапаттады. Ол елордада терезеден құлайын деп тұрған баланы құтқарып қалды", - делінген ТЖМ баспасөз қызметі таратқан хабарламада.



Министрліктің мәліметінше, 11 мамыр күні сағат 10.21-де Ұлы Дала көшесі, 27/1 мекенжайында 8-қабатта баланың ілініп тұрғаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына жедел түрде Нұр-Сұлтан қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары – жеке құрамның 7 адамы мен 2 техникасы жөнелтілді.

Құтқарушылар келген уақытта сегізінші қабаттағы балконның карнизінде ілініп тұрған баланы ер адамның құтқарып қалғаны анықталған.

Сәбит Шонтақбаев жылап тұрған баланы көріп, ойланбастан өз өміріне қауіп төндіре отырып, санаулы секундтарда кішкентай қыздың өмірін сақтап қалды.

Бұған дейін Сәбит Шонтақбаевтың төрт баланың әкесі екенін жазған едік. Ол Қызылордадан елордаға жұмысқа келген. 

Талқылау