Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Профессор сегіз айлық тәжірибеден кейін биологиялық жасын 15 жылға қысқартты

профессор
Фото: DELTA

Сингапурлық профессор Дин Хо сегіз ай бойы қатаң тамақтану және жаттығу режимін ұстанып, өз ағзасындағы өзгерістерді арнайы құрылғылар арқылы бақылаған. Эксперимент соңында жасанды интеллект оның биологиялық жасын 32 жас деп бағалаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі medicalxpress басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Сингапур Ұлттық университетінің медицина мектебі жүргізген DELTA экспериментіне 47 жастағы профессор Дин Хо жалғыз қатысқан. Зерттеу өмір салтын өзгерту адам ағзасына қалай әсер ететінін анықтауға бағытталған.

Көпшілік денсаулығын жыл сайынғы медициналық тексеруден өту арқылы бақылайды. Алайда мұндай тексеру ағзаның белгілі бір уақыттағы жағдайын ғана көрсетеді. Ал бұл зерттеуде мамандар ағзадағы өзгерістерді ұзақ уақыт бойы бақылауға тырысқан.

Профессор қандай режим ұстанды?

Дин Хо сегіз ай бойы қатаң режимде өмір сүрген. Ол тәулігіне 20 сағаттай тамақ ішпей, тек 4 сағат тамақтанған. Ара-тұра 48 сағаттық ашығу режимін де қолданған. Сонымен қатар күн сайын 90 минут жаттығу жасаған. Оның күнделікті мәзірінде жапырақты көкөністер, дәндер, зәйтүн майы және майы аз ақуыз болған.

Профессор ағзасындағы өзгерістерді бақылау үшін Whoop, Garmin және Apple Watch құрылғыларын пайдаланған.

Зерттеушілер оның ағзасының күйзеліске реакциясын да бақылаған. Осы деректердің негізінде биологиялық жасты бағалайтын жасанды интеллект жүйесі әзірленген.

Биологиялық жасы 32 деп бағаланды

Зерттеу нәтижесінде профессордың ағзасы қант пен майды энергия көзі ретінде пайдалануды бірінен екіншісіне жылдамырақ ауыстыра бастаған. Бұған дейін бұл процесс 24 сағаттан астам уақыт алса, эксперимент соңында 16,5 сағатқа дейін қысқарған. Ал Хоның жасындағы адамдарда бұл көрсеткіш орта есеппен 36–72 сағат болады.

Жасанды интеллект профессордың биологиялық жасын 32 жас деп бағалаған. Бұл оның нақты жасынан шамамен 15 жылға кіші. Оның тыныштық кезіндегі жүрек соғу жиілігі де өзгерген. Көрсеткіш минутына 65 реттен 46 ретке дейін төмендеген. Ұйқы режимі де жақсарған. Профессор бұрын түнгі сағат 00:00 шамасында ұйықтаса, кейін 21:00-де жата бастаған. Ұйқы ұзақтығы 5 сағаттан 8 сағатқа жуықтаған. Терең ұйқы уақыты да артқан.

Сонымен қатар ішек микробиомында да оң өзгерістер байқалған.

“Біз ағзаның белгілі бір сәттегі жағдайын емес, уақыт өте қалай өзгеретінін зерттегіміз келді. Денсаулықты бір ғана тексерудің нәтижесімен бағалау жеткіліксіз. Себебі денсаулық – бір сәттегі көрсеткіш емес, уақыт өте қалыптасатын процесс”, – деді профессор Дин Хо.

Зерттеу авторлары DELTA жобасы адамдарға денсаулығын бақылауға көмектеседі деп үміттенеді. Олардың мақсаты – барлығына бірдей кеңес берудің орнына, адамның жеке ерекшеліктеріне сай өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік беру.

Дегенмен зерттеуге бір ғана адам қатысқанын ескеру керек. Сондықтан бұл нәтижелерді барлық адамға ортақ қорытынды деп қабылдауға болмайды.

Айта кетейік, бұған дейін Ғалымдар отбасында нешінші болып туғаныңыз өміріңізге қалай әсер ететінін айтқаны туралы жазған едік. 

Stan.kz
Сейсенбі, 18 Тамыз, 2026 13:06