Луврде iPhone-ды суға лақтырған Айнұр Тұрсынбаеваның немересі отбасын әлемге әйгілі етті

Белгілі айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаеваның немересі Абу-Дабидегі Лувр мүзейіндегі суға ұялы телефон лақтырып, отбасын бір сәтте әлемге әйгілі етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Күтпеген жайттың сәттерін өнер иесінің келіні Мадина Жаниева әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Ол жолдасы Беклан және ұлы Әлеммен бірге Лувр музейінде серуендеп әрі видео түсіріп жүрген. Кенеттен олардың ұлы Әлем қолындағы iPhone 15 Pro смартфонын суға лақтырып жібереді. Ата-ана алғашында ұлының әрекетін түсінбей суға қарайды.
“Қош бол, жаңа iPhone. Біздің Луврде түсірілген жалғыз видеомыз. Есесіне өмір бойына есімізде қалады”, – деп жазды ол.
Видео Мадинаның Instagram парақшасында 65 миллионнан астам қаралым жинап үлгерген.
Сондай-ақ желі қолданушылары балақайдың әрекетін сабырлы қабылдаған ата-анаға тәнті болып, түрлі пікірлер қалдырып жатыр.
“Бұл сәтті түсіріп алғандарыңыз қандай жақсы болған, кейін өскенде видеоны көріп, өз-өзіне күлетін болады”, “Ата-ананың сабырлығына ризамын”, “Құнсыз сәт”, “Мына видео миллиондаған қаралым жинап, телефонның құнын ақтайды деп үміттенемін”, “Мына кісілердің орнында менің анам болса, мені суға лақтырып жіберер еді”, – деп жазды олар.
Кейінірек су маңында кезекшілік еткен құтқарушылар телефон үшін суға секіруден бас тартқаны, олардың хаттамасына сай, бұған әкімшіліктің рұқсаты керек екені белгілі болды. Нәтижесінде тазалық қызметкері бассейнді тазартуға арналған ұзын сапты таяқты (қармақ тәрізді) пайдаланып смартфонды 40 минуттан кейін ғана судан шығарған.
Айта кетейік, бұған дейін Айнұр Тұрсынбаева көпшілікті алаңдатып қойғаны хабарланған еді.
"TikTok арқылы жарын жолықтырып, заңгерден әншілікке өткен": Желіде танымал болған қазақстандықтар қалай жетістікке жеткенін айтып берді