Алматыда қала күнін тойлауға миллиондаған қаражат жұмсалған: Тұрғындар қаладағы шешілмеген мәселелерге шағымданды
Фото: Желі кадрлары мен әкімдіктен
Жаңа оқу жылы басталғалы алматылықтар жолдағы кептеліс, лық толы автобустар мен метро, шұрық-тесік жолдар мен нөсерден кейінгі су басқан көшелерге шағымдануда. Қаладағы түйткілдер күннен-күнге күшейіп жатса да, әкімдік бұл тұста қала күнін атап өтуге миллиондаған ақша бөлген. Stan.kz тілшісі Алматы тұрғындарын алаңдатқан мәселелер мен мерекеге кеткен шығынды салыстырып көрді.
Әкімдік биыл Алматыда Қала күніне орай 200-ден астам іс-шара ұйымдастырылғанын жеткізді. Мерекелік бағдарламалар мегаполистің барлық сегіз ауданында болды. Орталық алаңдарда үлкен сахна орнатылып, танымал әртістер өнер көрстті. Тұрғындар үшін ашық аспан астындағы барлық концерт пен мәдени бағдарламаға кіру тегін болғанымен әкімдік шараларды ұйымдастыруға қаражат бөлмеген.
Мемлекеттік сатып алулар сайтындағы мәліметтерден қала күнінде ұйымдастыруына үлкен соммада қаржы бөлінген бірнеше шараны қарастырып көрдік. Солардың бірі Алматы қаласы мәдениет басқармасының "Алматы әуендері" КМҚК-ы "Құрметті азамат" шарасы. Оны өткізуге басқарма 77 494 912 теңгелік тендер жариялаған. Бұл тендерді "ТОНЕРИКО" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңіп алған. Техникалық сипаттама бойынша кемінде 840 адамдық зал жасалатыны көрсетілген. Жеткізуші 50 адамнан тұратын эстрадалық-симфониялық оркестрмен бір сағаттық концерт ұйымдастырып, шараға екі Еңбек сіңірген әртіс пен бір халық әртісін шақыруы тиіс болған.
Басқарма бұған дейін "ALMA FEST – ALMATY 2025" іс-шарасын ұйымдастыру және өткізуге 66 953 630 теңге бөлді. Сонымен қатар, бұл саланың осы шараның жәрмеңкесін ұйымдастыруға 59 821 428 теңге жеке тендер жарияланған. Мұнда шараға фермерлер 100 тонна алма алып келіп, сахнада Әли Оқапов, QANAY, Еркеш Хасен, BONAPART, Kesh You және тағы басқа жұлдыздар өнер көрсетті.
Ал басқарма құрамындағы "Алматы қаласы музейлер бірлестігі" КМҚК-ы "Алматы – Арман қала" конкурсын ұйымдастыруға 50 496 071 теңгелік тендер жариялаған. Бұл қала күніне арналған республикалық поэзия байқауы.
"Көк төбе Опера" мерекелік концертіне 51 785 714 теңге тендер жарияланған. "Asia show technics" ЖШС-і тендерді жеңіп, шараны ұйымдастырушысы атанды. Халықаралық классикалық музыка фестивалі 20 қыркүйекте сағат 18:00-де "Көктөбе" саябағында өтті.
Одан бөлек, Алматыда өткен "Circus Digital Fest Almaty" шарасына 73,8 миллион теңге жұмсалды. Ұйымдастырушы — "FIRST DECORATION" ЖШС. Фестиваль Панфилов көшесінде өтіп, бағдарламада жасанды интеллект, AR/VR және интерактивті технологиялар қолданылды. Көрсетілімдер заманауи мультимедиялық форматта өтті.
Ал осы күні 16:30-да ҚБТУ ғимараты алдындағы Астана алаңында Almaty Cover Show атты ауқымды музыкалық іс-шара өтті. Кештің басты хедлайнері – Ninety One тобы болса, сонымен қатар шараға ADAM, GETTO DOGS, "Азия" тобы және басқа да көптеген танымал әншілер өнер көрсеткен. Дегенмен әкімдік бұл шараға қанша қаражат кеткені туралы ақпаратқа жауап бермеді.
Жоғарыдағы іс-шараның барлығының жалпы есебі – 380 миллион теңгеден асады. Бұл тек бірнеше ірі шараға бөлінген қаражат.Ал басқаларына қанша жұмсалғаны туралы ақпартты әкімдік әзірге жібермеді.
Алматылықтар неге шағымданады?: Қаладағы шешілмеген мәселелер
Кейбір тұрғындар қала күніне миллиондаған қаржы жұмсағанша, сол қаражатты қаланың өзекті мәселелерін шешуге бағыттау керек деп шағымданды. Әсіресе автобус пен метродағы жағдай көпшілікті алаңдатуда.
“Метрода болдыңыздар ма? Тіпті бұл жақта да кептеліс”, – деді желі тұтынушысы.
Ал тағы бір тұрғын қалада ең бірінші шешілуі тиіс тағы бір мәселені алға тартты.
"Сіздің ойыңызша, Алматыдағы әкімдік шын мәнінде қолға алып, шеше алатын ең өзекті мәселе қандай? Меніңше – экология", – деді ол.
Фото: Желі кадрларынан
Тағы бір тұрғын көшелердегі жөндеу жұмыстарының қозғалысқа кедергі екенін жеткізді.
“Мира көшесі ме, әлде мәңгілік жөндеу көшесі ме? Күнде кешке бір сценарий: кептеліс, кешігу, жүйке тозды. Жол жөндеп жатқан жоқ, археологиялық қазба жұмыстары жүріп жатқандай. Сонда расымен, түнде жұмыс істеу соншалық қиын ба? Кешке қарай қозғалыс азаяды ғой! Адамдар әрең қозғалып келеді. Автобус тоқтап қалған. Машиналар қаз-қатар тұр. Ауа – шаң мен тұман. Алматы, өтініш, ең болмаса қарбалас уақытта адамдарға қолайлы болшы. Жолдарды дәл сол кезде қазбай құрылыс дыбысын тоқтата тұршы", – деді ол.
Қала тұрғындарын алаңдатып отырған ең үлкен мәселенің бірі – жер сілкінісі мен қауіпсіздік болып отыр.
Фото: Желі кадрларынан
“Ойланып отырмын. Егер Алматыда бір кезде қатты жер сілкінісі қайталанса адамдар қайда барады? Көпшіліктің ойында бір ғана сценарий бар сияқты. "Көлікке отырып, қала сыртына қашамыз" деп ойлайды. Бірақ шындыққа тура қарайықшы, қайда қашпақсыздар? Қазір қаланың бәрі қазылып, жолдар ашық-шашық болып жатыр. Бір жерде жөндеу, екінші жерде құрылыс. Көлік те аз емес. Кептеліс онсыз да күнде болады. Егер төтенше жағдай болса ше? Сонда не болады? Үлкен кептелістен ешкім ешқайда жете алмайды”, – деді тұрғын.
Одан бөлек, жұртшылықты бір-біріне жақын салынған ғимараттар, тар көшелер мен ескірген ағаштардың құлауы, көшедегі жарық мәселелері, қымбатшылық алаңдатады.

Алматыда қала күнін тойлауға миллиондаған қаражат жұмсалған: Тұрғындар қаладағы шешілмеген мәселелерге шағымданды
