Автокөлікпен Парижге дейін: Қазақстандық ерлі-зайыпты алты баласымен 9 елді аралаған
Фото: Отбасылық мұрағаттан
Алматылық Серғалым Нәсіпхан жұбайы мен 6 баласын алып автокөлікпен 9 елді аралады. Қазақстандықтың темір тұлпары “Toyota Ipsum” 20 000 шақырымды еңсерген. Кейіпкеріміз көлікпен саяхатқа шығу туралы ой қайдан келгенін, мақсаты мен сапар кезінде қанша қаражат кеткенін айтты. Серғалым Stan.kz тілшісіне саяхат кезіндегі қызықтарын баяндады.
Кейіпкерімізге жұбайы мен 6 баласы сапарлас болған. Өзі – 7 ұл-қыздың әкесі. Айтуынша, Серғалым көлік жөндеумен айналысады, жұбайы бала тәрбиесімен үйде.
“Бір балам қазір Астанада әскери колледжде оқып жатыр. Сол себепті ол бізбен саяхатқа бара алмай қалды. Сөйтіп 6 баламмен автосаяхатқа шықтық. Негізі өзім Қазақстанды көлікпен жиі аралаймын. Отбасымды көлікке салып алып Бурабайды, Көкшатау, Түркістанды аралаймыз. Сөйтіп жүргенде шетелге шыққымыз келді. Оның үстіне балаларыма Түркияның Каппадокия қаласына апарамын деп уәде берген едім. Барлығы содан басталды. Негізі басты мақсатым – балаларым ел-жер көрсе екен деген тілек. Балаларым Еуропаны көрсін дедім. Менталитетін таныстырғым келді. Осы сапарда қызым аудармашы болды. Қазақстаннан тыс ағылшынның қаншалықты керек екенін өзі де түсінді. Сондай-ақ қазақстандықтарға көлікпен де ел аралауға болатынын көрсеткім келді. Оның үстіне көлікпен жүрсең, айналаңдағының бәрін көресің”, – дейді Серғалым.
Фото: Отбасылық мұрағаттан
Айтуынша, ұшақпен барсаң тек елдегі көрнекті жерлерді аралайсың. Ал көлікпен жүрсең жолдағының бәрін көріп, жергілікті халықпен араласасың, менталитетпен танысасың дейді.
“Түркиямен арақашықтықты қарасам 7000 шақырым екен. Арғы жағында Еуропа, шекаралардың арасы жақын екен. Сонда Еуропаға да баратын болып шештік. Сөйтіп шенген визасына өтініш бердік. Араға 3-4 күн салып елшіліктен хабарласып, визаның дайын екенін айтты. Жалпы құжаттарға байланысты ешқандай қиындық болмады. Барлығы тез арада дайын болды. Саяхатқа айтарлықтай дайындалмадық. 2024 жылы желтоқсанның 21 күні жолға шығып кеттік. Алматыдан Францияға 11 күнде жеттім”, – дейді кейіпкер.
Оның сөзінше, саяхатқа айтарлықтай дайындық жасамаған. Бұған дейін Қазақстанды көлікпен аралап үйреніп қалған балалар бұл саяхатта да еш қиналмаған.
Фото: Отбасылық мұрағаттан
Серғалым Алматыдан Францияға дейінгі жүріп өткен жолын айтып берді.
“Біз алдымен Атырауға бардық, одан Ресейдің Астрахань қаласына өттік. Одан Шешенстан, Дағыстаннан шығып Осетияға бардық. Ресейге жеткен соң Владикавказда түнедік. Грузияға кірген соң Батумиге жетейік деп, Тбилисиге соқпадық. Сөйтіп Батумиде қонақүйге барып, екі күн сонда демалдық. Балалар да тынықты. Одан Түркияға барып, шекарадан өттік. Түркияның Трабзон қаласына бардық, кейін Каппадокиядағы әуе шарларын тамашалау үшін асығыс жолға шығып кеттік. Сөйтіп таңғы 4 шамасында Каппадокияға жеттік. Кейін түс қайта Аланьяға бет алдық. Онда екі күн демалып, Ыстамбұлға жолға шықтық. Онда бір күн болып, Еуропаға бағыт алып, шекараға жеттік. Шекарадан өтіп Болгария мен Румынияның шекарасында орналасқан Видин қаласына бардық. Онда бір күн түнеп, Венгрия арқылы Австрияға жолға шықтық. Жолдары өте жақсы екен. Жолдағы жылдамдық шектеуі де біздегідей 90 емес, 140 екен. Маған сонысы ұнады. Сол күні кешке Австрияға жетіп, қонақүйде демалып алған соң, Германияны басып өтіп, Францияға бет алдық. Кешке Францияға жетіп, Эйфель мұнарасының жарқырағанын тамашаладық, көшелерін араладық. Онда бір күн түнеп, түстен кейін елге қайтатын болып жолға шықтық”, – дейді саяхатшы.
Фото: Отбасылық мұрағаттан
11 күнде Парижге жеткен Серғалымның отбасы қаланы аралып, жақындарына сыйлық алған соң дәл сол жолмен қайта Қазақстанға жолға шыққан. Бірақ Атырауға кірген соң Астана арқылы үйіне оралған.
“Жалпы саяхатқа 3 миллион теңгеге кетті. Оның 500 мыңы виза мен шетелдік төлқұжатқа кетті. 370 мың теңге виза орталығына жұмсадым, 120 мың теңгеге шетелдік төлқұжат жасаттым. Автосаяхат кезінде Грузияда екі күн, Түркияда екі күн, Болгарияда екі күн болдым. Қалған кезде түнеп отырдық. Көп қаражат кетті деп айта алмаймын, қонақүйге тоқтағанымыз бар. Бірақ Францияның ақылы жолдары мен жанармай қымбат екен. Біздің теңгемен шаққанда 1100 теңге. Шекарадан өткенде ешқандай қиындық болған жоқ. Бәрі баламен келе жатқанымызды көріп, барынша тез өткізіп жіберіп отырды”, – дейді Серғалым.
Қазақстандық саяхатшыларға Грузия қатты ұнаған. Айтуынша, халқы қонақжай, тағамдары дәмді, қызмет көрсетуі де жоғары деңгейде, бағалары да қолжетімді болған. Бірақ Түркия керісінше, көңілдерінен шықпаған. Біріншіден, қымбат, екіншіден, туристер көп болғандықтан ба, қызмет көрсетуі нашар болды деп отыр. Ал Еуропаның қалалары өз алдына қымбат екенін айтты. Тамақтану да, қонақүйі де қымбатқа түскен.
Фото: Отбасылық мұрағаттан
Серғалым шетелде жүріп көрген қызықтарын айтып берді. Айтуынша, шетелдік азаматтың қазақ тілінде жаңылмай сөйлегенін көріп таңғалған.
“Венргияның шекарасынан өткенде сақтандыру сатып алмақ болдым. Дүңгіршекке барсам, ондағы қыз менімен қазақша сөйлесті. Сөйтсек, ол қыз Венргияла қазақ тілін оқыған екен. Тағы бір қызық жағдай болды. Жолда тоқтап, қайта жолға шыққан кезде фура айдайтын бір жігіт жүгіріп келе жатыр екен. Біздің нөмірді көріп қапты. Сөйтсем, Көкшетаудың жігіті екен. Туысымызды көргендей амандасып, әңгіме айттық”, – дейді ол.
Серғалым қазақстанға қайтып келе жатып Германияны сырттай ұнатқан. 1-2 қаласын аралап көрмек болған, алайда ауа райының қолайсыздығына байланысты аралай алмаған. Алдағы уақытта күзге қарай Германия мен Италияға бару жоспарда бар дейді саяхатшы.
@siko_miko.kz Алматы-Париж автосаяхат 6 баламен! #Almaty #реки #paris #автосаяхат #toyota #қызықтаймс ♬ оригинальный звук - Ретро хиты