Зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан қашан босатылады – Ұлттық экономика министрлігі жауап берді
Ұлттық экономика министрлігі қазақстандықтар алған зейнетақы төлемдерін жеке табыс салығынан босату мүмкіндігіне пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрлік мәліметінше, қазіргі уақытта еліміздің Салық кодексіне сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдері жеке табыс салығы салынатын кірістер санатына жатқызылады.
"Мәселенің әлеуметтік маңызы, шегерімдер мен концессиялар бойынша халықаралық тәжірибені ескеріп, жаңа Салық кодексінің жобасын әзірлеу бойынша жұмыс шеңберінде БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдерін жеке табыс салығын төлеуден босату ұсынылады. Жаңа Салық кодексінің жобасын қабылдау 2026 жылға шегерілді”, – делінген хабарламада.
Министрлік хабарлауынша, аталған түзетулер қолданысқа енгізілгенге дейін жинақталған зейнетақы қаражатын төлеу кезінде жеке табыс салығын ұстау тәртібі қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.
"Қазіргі уақытта жаңа Салық кодексінің жобасы Парламент мәжілісінің қарауында. Оны талқылауға уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері де қатысып жатыр. Сонымен бірге заңнама нормаларына сәйкес заңнамаға енгізілген өзгерістер жекелеген заңдар күшіне енгеннен кейін пайда болған құқықтық қатынастарға қолданылады”, – делінген хабарламада.