Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шенеуніктермен тең дәрежеде VIP-зал: Желіде қазақстандықтар Бас мүфти мен митрополитке әуежайда тегін қызмет көрсетілетініне қарсы шықты

Желіде еліміздің Бас мүфтиі мен митрополит Александрдың шенеуніктермен тең дәрежеде бюджет қаражаты есебінен Қазақстан әуежайларының VIP-залдарын пайдалана алатыны туралы ақпарат тарады. Бұл көпшіліктің ашуын тудырып, қызу талқыға түсті. Stan.kz тілшісі осыған байланысты министрлікпен байланысқа шығып мұның қаншалықты рас әрі орынды екенін сұрап білді.

Фото: Мuftyat.kz пен Вogoyavhram.kz порталынан коллаж

Бұл туралы EGOV.PRESS Telegram арнасы жазба жариялады. 

“Қазақстанның конституциясына сәйкес, біздің еліміз зайырлы мемлекет. "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" заңға сай үкімет діннен бөлек жұмыс істейді. 
Алайда Көлік министрлігінің жобасына сәйкес, ҚМДБ бас мүфтиі Наурызбай Өтпенов пен митрополит Александр кейбір шенеуніктермен тең дәрежеде халық қаражаты есебінен Қазақстан әуежайларының VIP-залдарын пайдалана алады”, – делінген жазбада. 

Желі қолданушылары жазбаны қызу талқылады:

“Демек бәріміз бұл туралы білмей садақа беріп жүргенбіз бе?”, “Мұндай діндарларды көріп, баяғыда-ақ сенімімді жоғалтқанмын. Бұлар қарапайым қазақстандықтардан да жақсы өмір сүреді”, “Ел қаражатын қолданатындай бұлар кім сонша?”, “Сонда бұлар да шенеунік пе?”, “Дін өкілдері қашаннан бері шенеунік болып кеткен?”, – деді жұрт. 

Stan.kz тілшісі Көлік министрлігінен бұл ақпараттың қаншалықты рас екенін сұрап білді. Ведомствоның мәліметінше, еліміздің әуежайларындағы арнайы бөлінген залдарда қызмет көрсетілетін адамдардың арнайы тізімі бар. 

“Қазақстан Республикасы әуежайларының арнайы бөлінген залдарында қызмет көрсетілетін адамдар тізбесінің қолданыстағы редакциясының 36-тармағында: "Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Бас мүфтиі және Астана мен Алматы архиепископы" деген жол бар екенін атап өткен жөн.

Сонымен қатар жоба көрсетілетін қызметтерді ұйымдастыру және оларды қаржыландыру мәселелерін реттемейді. Тек әуежайлардың арнайы бөлінген залдарында қызмет көрсетілетін адамдардың тізімін айқындайды”, – делінген хабарламада. 

Талқылау