Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның сыртқы қарызы жарты жылда 1,6 трлн теңгеге өскен: Депутат дабыл қақты

Сенат депутаты Сұлтанбек Мәкежанов Қазақстанның мемлекеттік қарызының өсуіне алаңдаушылық білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: depositphotos.com

Сенатор премьер-министр Олжас Бектеновке мемлекеттік қарыздың өсіп жатқаны және елдің қаржы ресурстарын басқаруды жетілдіру қажеттігін айтып, депутаттық сауал жолдады.

Депутаттың айтуынша, кірістермен қамтамасыз етілмеген мемлекеттік шығындардың ұлғаюы бюджет тапшылығы мен мемлекеттік қарыздың өсуіне әкеледі.

"Соңғы бес жылда жалпы мемлекеттік қарыз жылына 12 пайызға өсіп, жалпы ішкі өнімнің өсу қарқынына жақындады. Бірінші жартыжылдықта ғана мемлекеттік қарыз 28,7 трлн теңгені құрап, жарты жылдың ішінде 1,6 трлн теңгеге өсті", – деді депутат. 


2025 жылы Алматы әкімдігіне 1 трлн теңгеге дейін қарыз алуға рұқсат берілмек


Депутат 2024 жылдың бірінші жартыжылдығындағы есеп бойынша мемлекеттік қарызға қызмет көрсету құны 2014 жылдан бері ЖІӨ-нің 0,6 пайызынан 2,7 пайызға дейін өскенін атап өтті. 

"2025 жылы мемлекеттік қарызды өтеу және оған қызмет көрсету шығындары 6,1 трлн теңге көлемінде. Ал бұл ұлттық қордан түсетін трансферттерді есептемегенде республикалық бюджеттің барлық кірістерінің 38 пайызын немесе барлық шығыстардың 24 пайызын құрайды", — деді Сұлтанбек Мәкежанов.

Сенатордың пікірінше, мемлекеттік қарызды және қарыз алуды қазіргі басқару үлгісі мемлекеттік шығындардың тұрақсыз өсуіне әкелуі мүмкін. 

Осыған байланысты депутат үкіметке мемлекеттік шығыстардың өсіміне мониторинг пен бақылауды күшейтіп, жалпы мемлекеттік қарызды және квазимемлекеттік сектордың қарызын басқарудың нақты тұжырымдамасын белгілеуді ұсынды.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанның сыртқы қарызы 29 триллион теңгеге жуықтағаны туралы жазған едік. 

Талқылау