Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Ағаш үстелмен ұрған”: Қызылордада әйелін қызғаныштан азаптап өлтірген ер адам сотталды

Қызылордада 21 жастағы Меруерт Жолманды асқан қатыгездікпен ұрып өлтірген күйеуі 12 жылға сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Видеодан скрин (күдікті)

Ерлі-зайыптылар арасындағы жанжалға қызғаныш себеп болыпты. Қанды қылмыс Шиелі ауданында биылғы жылдың жазында болған. Кәсіпкердің малын бағып күнелтіп жүрген 26 жастағы ер адам әйелі Меруерт Жолманды қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған еді.

Қылмыстық іс тергеуінде кешкі уақытта үйіне келген азамат келіншегінің телефон арқылы белгісіз жанмен сөйлесіп отырғанын көрген. Содан қызғанған күйеуі марқұмды ағаш үстелдің аяғымен аяусыз ұрып, жылқының жүгенімен басынан бірнеше рет соғып жіберген екен. Қансыраған әйел көп ұзамай көз жұмған делінген айыптау актісінде. Ер адам жедел жәрдем шақырып, өзі үйден қашып кеткен. Ал бүгін сотта соңғы сөз алған сотталушы жасаған ісіме өкінемін деді.


“19 жерінен пышақтаған”: Түркістанда ер адам әйелінің туысын өлтірмек болды


"Сот мырза, істеген ісіме қатты өкінемін. Сол үшін сіздерден бәріңізден шын жүректен кешірім сұраймын. Сізден әділ жаза тағайындауыңызды сұраймын”, – дейді сотталушы.

Ал судья күдіктінің әйелін азаптап өлтіргені толық дәлелденді деді. Сондықтан оны 12 жыл бас бостандығынан айырды. 

"ҚК-нің 99-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Тағайындалған бас бостандығынан шектеу жазасының өтелмеген бөлігімен ішінара қосу арқылы түпкілікті 12 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын”, – дейді Қызылорда облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Думан Әлиев.

Судья марқұм мен күйеуінің бір жастағы қызын балалар үйінің қамқорлығына беру туралы қаулы шығарды. Ал Меруерттің анасы бұл шешіммен мүлде келіспеймін деп отыр.

"Содан бері қызым қолымда ғой. Енді оның Шиелі аудандық қамқоршылық үйіне береміз деп жатыр. Мен оған келіспеймін. Өйткені екі қызымнан айырылғым келмейді. Қызымнан айырылдым. Енді кішкентай баласынан айырылғым келмейді”, – дейді марқұмның анасы Салтанат Ырсалдиева.

Марқұмның анасы немеремді қайтсем де өз қолыма аламын деп отыр. Сондықтан аппелияциялық сотқа шағымданбақшы.

Еске салсақ, Атырауда бұрынғы әйелін ұрғаны үшін сотталған экс-әкімнің жазасы жеңілдетілгенін жазғанбыз.

Талқылау