Instagram әрбір қолданушыны тыңдап, әрекетін бақылайды – БАҚ
Жарнамалық қызмет көрсету платформасының негізгі серіктестерінің бірі Cox Media Group (CMG) Instagram әлеуметтік желісі жарнамалық мақсатта қолданушыларды тыңдайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 404 Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: viebly.com
БАҚ мәліметінше, Google және Meta компанияларымен жұмыс істейтін Cox Media Group өзінің презентациясында Active Listening опциясы жасанды интеллектке смартфонның жанындағы сөйлесулерді тыңдауға және пайдаланушы әрекеттерін талдауға мүмкіндік беретінін ашық айтты.
Active Listening смартфон микрофонынан дыбысты жазады. Бұл бағдарламаның алгоритмдері пайдаланушыларға мақсатты жарнаманы көрсетуге мүмкіндік береді. Мысалы, "жаңа футболка керек" деген сөзден кейін желі қолданушылары футболкаларға арналған таргеттік жарнаманың ағынын көреді.
Active Listening туралы ақпарат жария етілгеннен кейін Google және Meta өз ресурстарынан CMG туралы ескертуді дереу алып тастады.
Amazon бұл қызметтің бар екенін білетінін, алайда оны пайдаланбағанын мәлімдеді. Ал Facebook бұл ақпаратты тексеруге уәде берді.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада Instagram арқылы бір қылмыстың беті ашылған еді. Жәбірленуші білезігінің жоғалғанын бір аптадан кейін, жігіттің жаңа сүйіктісінің Instagram желісінде жариялаған фотосынан өз бұйымын көргенде бір-ақ байқаған. Жәбірленуші фотодағы білезіктің өзінікі екеніне көз жеткізген соң бірден полицияға хабарласқан.