Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қайрат Боранбаев Алматыда тағы бір футбол клубын ашпақ

Қазақстандық кәсіпкер Қайрат Боранбаев Алматыда тағы бір футбол клубын ашады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Metaratings порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: https://www.instagram.com/kairat4/

Порталдың мәліметінше, жаңа клуб Almaty United деп аталады. Футбол клубы 2025 жылғы маусымды QFL екінші лигасынан бастайды. Жаңа футбол клубын ашудағы басты мақсат Қайрат Боранбаев басқаратын "Қайрат" футбол клубының академиясынан шыққан түлектерді ойын тәжірибесімен қамтамасыз ету болып отыр.

 

Жаңа клуб өз алаңындағы матчтарын "Қайрат" академиясы нысандарының бірінде өткізеді. Ал клубтың бас директоры қызметін "Қайраттың" экс-директоры, қазір Player Сareer Management футбол агенттігінің басшысы Баймұханов Марат Бүркітұлы атқарады.

Kompra.kz дерегі бойынша Баймұхановқа Almaty United ЖШС тіркелген. Компания 2024 жылдың сәуір айында Алматыда пайда болды. Құжат бойынша Ә.Кекілбайұлы көшесі 30, мекенжайында "Қайрат" филиалдарының бірі және Almaty Football Academy футбол академиясы орналасқан.

Еске сала кетсек, 2023 жылдың наурыз айында Астана соты Қайрат Боранбаевты квазимемлекеттік сектордан ақша жымқырғаны үшін сегіз жылға бас бостандығынан айырды. Кейінірек екінші сатыдағы сот оның мерзімін екі жылға қысқартты.

Сол кезде Алматы әкімі Ерболат Досаев Боранбаевтың иелігіндегі "Қайрат" футбол клубы әкімдіктің меншігіне берілмейтінін, кәсіпкердің жеке меншігінде қалатынын хабарланды

2023 жылдың қараша айында сот Боранбаевтың мемлекетке келтірілген залалды толығымен өтегенін, тергеуге белсенді атсалысқанын және істеген ісіне өкінгенін ескеріп оны түрмеден босатты. 

Талқылау