Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Германиядағы қазақ әйелінің қазасы, Дағыстандағы теракт пен Алматыдағы автобус апаты: Маусымда болған ең маңызды оқиғалар

Маусым айында елімізде біршама оқиғалар орын алды. Жары Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаев пен екінші айыпталушы Бақытжан Байжановқа қатысты апелляциялық сот отырысы өтті. Сонымен бірге қыз зорлау ісі бойынша ақталып шыққан блогер Думан Ерханат қайта сотталды. Ал айдың соңына қарай қасиетті мекен Меккеге қажылыққа барған мыңнан аса адам аптап ыстықтан қаза тапты. Осыған орай Stan.kz ақпарат агенттігі маусым айында болған маңызды оқиғаларға шолу жасады. 

Германияда жоғалған экс-судьяның мәйіті табылды

2024 жылы 3 маусымда Германияда тұратын қазақ әйелі, бұрынғы судья Айгүл Сайлыбаева жоғалып кетті. Оның із-түссіз жоқ болып кеткенін әйелдің ата-анасы біліп, 5 маусым күні Майндағы Франкфурт қаласындағы Қазақстан бас консулдығына хабарласқан. Біздің дипломаттар дереу жергілікті полицияға хабарласып, іздестіру шараларын бастаған еді.

Осылайша Сайлыбаеваның денесі қала шетіндегі Эрлаче карьерінен табылды. Мәйіт полиэтилен пакетке салынып оралыпты. Әйел өлтірілмес бұрын зорлық-зомбылыққа ұшырағаны анықталды. Қазір Сайлыбаеваның өлімін 35 тергеуші тексеріп жатыр. 

Сайлыбаевамен бір уақытта 49 жастағы қайын енесі Наталья Донцова да жоғалып кетті. Ол 4 маусым күні немересін балабақшадан алып, үйіне әкелгеннен кейін із-түссіз кеткен. Баланың өзі аман, қазір туыстарының қамқорлығына берілген. Ал Наталья Донцованы іздестіру әлі жалғасып жатыр.

Германияда өлтірілген экс-судья Айгүл Сайлыбаева 29 маусымда Алматыда жерленді.

Айта кетейік, Айгүл Сайлыбаева 2020 жылы күйеуі Александрмен бірге Қазақстаннан кеткен. Олар әртүрлі елдерде тұрып, соңғысы – Германияның Бенсхайм қаласына қоныстанған. Ол аталған қалада күйеуі, қызы және енесімен бірге тұрған.

Қыз зорлау ісі бойынша ақталып, қайта сотталған блогер

Қыз зорлады деп айыпталған блогер Думан Ерқанатты ақтау үкімінің күші жойылды. 

Бұған дейін бірінші сатыдағы соттың үкімімен Ерқанат Қылмыстық кодекстің “зорлау” бабы бойынша кінәлі деп танылып, бес жылға бас бостандығынан айырылған еді. Ал апелляциялық сот бірінші сатыдағы соттың үкімін бұзып, блогерді ақтаған. 

"Қылмыстық іс материалдарын зерделеу барысында Ерқанаттың кінәсі дәлелденді. Қорғаушының уәждері жиналған дәлелдемелермен жоққа шығарылды", – деп хабарлаған жоғарғы сот. 

Айта кетейік, бұған дейін блогер қыз зорлағаны үшін сотталып, жәбірленушіге талап арызы үшін 3 миллион 117 мың теңге төлеуге міндеттелді және бес жылға бас бостандығынан айырылған еді.

Асырап алған балаларын қорлаған емші ақталып шықты

Шымкент соты асырап алған балаларына зорлық көрсетті деп айыпталған Ұлықбек Смановқа қатысты үкім шығарды. Сотта Смановтың созылмалы және психикалық аурумен ауыратыны туралы қорытынды ұсынылды.

Судьяның сөзінше, ер адам өз іс-әрекетіне жауап бере алмайтын болғандықтан сотқа қатыспады. 3 сарапшы оған шизофрения диагнозын қойды. Ол созылмалы психикалық аурумен 1995 жылдан бастап ауырған екен. Дегенмен, ресми түрде есепте тұрмаған көрінеді. 

Ол тергеу, сот алдында жауап бере алмағандықтан мәжбүрлі емделеді. Қазір Сманов Талғар қаласындағы психикалық мекемеде емделіп жатыр.

Психикалық ауытқуы болса да, Ұлықбек Смановтың қолындағы бала асырап алуға дайындаған құжатының бәрі мінсіз болған. Алайда іс жүргізу барысында оның бұрын абайсызда адам өлтіргені анықталды. Тіпті ол 6 рет үйленген болып шықты. Оның өз баласы болмағандықтан бала асырап алған екен.

90-жылдары ер адам өзін халық емшісімін деп жариялап, сеанстардың бірінде абайсызда адамды өлтіріп алған. Содан кейін іс қысқартылып, ер адам мәжбүрлі емдеуге жіберілген. Шымкент қалалық қорғаншылық басқармасы бұл фактілер бала асырап алу құжаттарын рәсімдеу кезінде болмағанын жеткізген.

Қазір ер адам ауруына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен құтылды. Мәжбүрлеп емделгеннен кейін дәрігерлер оның жағдайы жақсарды десе босатылуы мүмкін.

Киевте жасалған қастандық

18 маусым күні Киевте “Бәсе” Youtube-арнасының авторы Айдос Садыққа қастандық жасалды. Садықовқа белгісіз біреу көлікте отырған жерінде оқ атқан. Ақпаратты оның жұбайы Наталья Садықова растады. 

Кейіннен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жағдайға қатысты пікір білдіріп, Садықовқа жасалған шабуылға қатысты дипломатиялық арналар мен құқық қорғау органдары арқылы Украина тарапына ресми сұрату жіберді. 

Сондай-ақ қажет болған жағдайда Қазақстанның ресми органдары істің ақиқатына жетуге жәрдем беру үшін тергеу жұмысына қатысуға дайын екенін жеткізді.

Оқиғадан үш күн өткеннен кейін Садықовқа оқ атқан екі азаматтың бірі ұсталды. 

Бас прокуратура мәліметінше, Украинаның құқық қорғау органдары қысқа мерзімде осы қастандық ұйымдастырды деген күдіктілерді анықтады. 21 маусымда күдіктілердің бірі А.М. Жаканбаев еліміздің ішкі істер органдарына өз бетінше хабарласып, одан істің мән-жайы бойынша жауап алыныпты. Сол күні ол осы қылмысты жасады деген күдікпен ұсталды. Ал қастандыққа қатысты екінші күдікті М. Қаратаев әлі іздеуде жүр. 

27 маусымда Сенат спикері Мәулен Әшімбаев бұл іске қатысы бар деген күдіктінің Украинаға экстрадацияланбайтынын хабарлады. Айдос Садықовқа қатысты тергеу әрекеттерін мемлекет басшысы өз бақылауына алып отыр. 

Бишімбаевқа қатысты апелляциялық сот отырысы

26 маусымда Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты апелляциялық сот отырысы өтті.  8 сағатқа созылған сот еш нәтиже бермеді. Жары Салтанат Нүкеновны өлтірді деп айыпталған экс-министр мен екінші айыпталушы Бақытжан Байжановқа қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалды. 

Енді Бишімбаевтың адвокаттары үкімге қатысты жоғарғы сотқа шағымданбақ. Адвокат Назкен Құсайынова Бишімбаевқа шығарылған үкімнің әділетсіз екенін алға тартты. Үкімге шағымдануды жалғастыра береміз дейді. 

Айта кетейік, бұған дейін алқабилер алқасының үкімімен: 

  • Бишімбаев ҚК-нің 110-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы, ҚК-нің 99-бабының 2-бөлігінің 5) тармағымен кінәлі деп танылып, 24 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталған; 
  • Байжанов ҚК-нің 432-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталған еді.

Алматыдағы автобус апаты: 1 адам қаза тауып, 25 адам зардап шекті

26 маусымда Алматыда 18-автобусқа жеңіл көлік соқтығысып, салдарынан бір адам қаза тапты. Тағы 25 жолаушы зардап шекті.

Оқиға Мақатаев көшесі мен Сейфуллин даңғылының қиылысында болды. Алматы полиция департаменті өліммен аяқталған жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, тиісті сараптамалар тағайындалғанын хабарлады. 

Алдын ала мәліметтер бойынша, Kia маркалы автомашинаның жүргізушісі Мақатаев көшесін оңтүстік бағытта кесіп өтіп, "City-Bus" ЖШС жеке тасымалдаушысы қызмет көрсететін 18-маршруттық автобуспен соқтығысқан. Кейіннен кедергіге соқтығысуға жол берген. Артынша апатқа себепкер болған жүргізуші әйел ұсталды. 

Апат болған жерде автобусқа соқтығысқан Kia Sportage автокөлігін 28 жастағы Анель Сартаева басқарған. Ол Salem social media компаниясында "5:32", "Эскорт", "1286" сияқты танымал қазақстандық сериалдарға продюсерлік еткен. Жаңа деректерге сай оның төрт айлық емізулі сәбиі бар екен. 

Михаил Козачков айтуынша апатқа күдікті деп танылғаннан кейін Анель уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Үш жылда алғаш рет: Талапкер ҰБТ-дан 140 балл жинады

Жаннұр Еңсебек Алматы облысындағы №22 мектеп түлегі.

Бұған дейін, 2021 жылы Павлодар облысының талапкері 140 балл жинаған еді.

Әлемдегі назар саларлық оқиғалар

Ыстамбұлда тұрғын үйдің опырылуы

2 маусым күні таңертең Түркияның Ыстамбұл қаласына қарасты Күчүкчекмеже ауданында төрт қабатты тұрғын үй опырылып құлады. Оқиға салдарынан адамдар үйінді астында қалды.

Ыстамбұл губернаторы Давут Гүлдің айтуынша, апат таңғы сағат 08:40 шамасында болған. Оқиға орнына іздестіру-құтқару, өрт сөндіру және медициналық топтар келіп, жеті адам қирандылар астынан шығарылды. Сонымен қатар бір адамның денесі табылды.

Ғимарат 1988 жылы салынған екен. Губернатор жарылыс болғаны туралы ақпарат жоқ және ғимараттың ескілігіне байланысты қирауы мүмкін екенін айтты.

Меккеде қажылыққа барған мыңнан аса адамның қазасы

Олар қажылық кезінде аптап ыстықтан қайтыс болды. 

Қаза тапқандардың көпшілігі Мысыр азаматтары. Араб елшісі соңғы есептеулер бойынша, тағы 58 мысырлық қажы қаза тауып, Мысыр азаматтарының саны 658-ге жеткенін айтқан еді. Үндістаның 68, Иорданияның 60, Пәкістанның 35 және Тунистің 35 азаматы да көз жұмды. 

Ал қаза болған ресейлік қажылар саны беске жеткен. Араб дипломаттарының бірі мысырлықтардың бәрі аптап ыстықты көтере алмағандықтан қайтыс болғанын айтты. 

Сауд Арабиясы ұлттық метеорологиялық орталығының хабарлауынша, Меккедегі ауа температурасы 51,8 градусқа жетті. Сауд Арабиясының зерттеуіне сәйкес, аймақтағы температура әр онжылдықта 0,4 градусқа көтеріледі.

Дағыстанның екі қаласындағы теракт және оннан аса адамның қазасы

23 маусым кешке Дағыстанда екі теракт жасалды. Содырлар бір уақытта Махачкала мен Дербентке шабуыл жасады.

Лаңкестер екі православ шіркеуін, синагога мен жол полициясы бекетін жаулап алды. Дербентте содырлар Ленин көшесіндегі Әулие Богородица православиелік шіркеуіне шабуыл жасады. Шабуыл кезінде шіркеуде Қасиетті Троица құрметіне ғибадат етіп жатқан.

Куәгерлердің айтуынша, содырлар ішке кіріп, күзетшіні атып, кейін 66 жастағы діни қызметкерді, протоиерейді пышақтап, діни қызметкерді бауыздаған. 

Осыдан кейін Махачкалада православие шіркеуінің жанында полиция мен содыр атысқан. Мұнда 19 тұрғын болған. 

Махачкалада үш бейбіт тұрғын мен 12 құқық қорғау қызметкері әртүрлі дәрежеде жарақат алған. Дербентте төрт бейбіт тұрғын жараланып, оның екеуі ауруханаға жатқызылмаған.

Кейінгі деректер бойынша 34 адам жараланғаны белгілі болды. Сағат 23:00-де Дербентте екі содыр өлтіріліп, операция режимі аяқталған. Түнгі сағат 2-де  бес лаңкес ұсталған. 

Олардың үшеуі Дағыстанның Сергокалин ауданы басшысының туысы болып шыққан. 

 

 

Талқылау