Бұрынғы әйелін ұрды деп айыпталған Мақат ауданының әкімі қызметінен кетті
Атырау облысындағы бұрынғы әйелін ұрды деп айыпталған Мақат ауданының әкімі Ринат Ибрагимов қызметінен кетті. Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі аталған деректі растады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: коллаж Stan.kz
Ринат Ибрагимов Мақат ауданының әкімі қызметінен өз еркімен кеткен. Ол бұл лауазымына 2022 жылғы наурызда тағайындалған. Бұл тағайындауға дейін Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болған.
Айта кетейік, бұған дейін бұрынғы әйелі Ринат Ибрагимовтен зәбір көргенін айтып, үндеу жолдаған еді.
Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аудан әкіміне қатысты қылмыстық іс ақпан айында сотқа жіберілген.
Кейін Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, аудан әкімінің бұрынғы жұбайы әкімдікке жүгінбеген болып шықты.
"Азаматша А.Үмбетқалиева Атырау облысының әкімдігіне жүгінбегенін хабарлаймыз. Туындаған мән-жайларға байланысты қызметтік тексеру тағайындалды", – деп хабарлаған еді облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі аудан әкіміне қатысты қылмыстық істің қаралып жатқанын растады.
"Қылмыстық іс Атырау қаласының №2 сотында қаралып жатыр. Келесі сот отырысы 29 мамырда сағат 10:00-де өтеді", – деп хабарлаған болатын облыстық соттың баспасөз қызметі.
Осыған байланысты Ринат Ибрагимовтің өзі түсінік беріп, пікір білдірді. Оның айтуынша, бұрынғы әйелімен ортақ балалары өзімен бірге тұрады.
"Бұрынғы жұбайымның менің атыма таққан негізсіз айыптаулары мен жалған ақпараты БАҚ-та кеңінен тарап кетті. Бұрынғы жұбайым әртүрлі әлеуметтік желіде тараған соңғы оқиғаларға байланысты менің лауазымды тұлға екенімді біле тұра, осындай мәлімдемелер жасап жатқан сияқты. Біздің ортақ балаларымыз – 2 қызым менімен бірге тұрады. Олар махаббат пен сүйіспеншілікте өмір сүруде. Мұндай шешім екі қызымның қалауы бойынша қабылданды. Бұдан басқа бұл туралы соттың заңды шешімі де шықты. Шабуыл жасады деген айыптауларға келсек, қазір сот процесі жүріп жатқандықтан, БАҚ өкілдерінен асығыс қорытынды жасамауды сұраймын", – деді Ринат Ибрагимов.
Еске салсақ, бұған дейін Атырау облысындағы Мақат ауданының әкімі Ринат Ибрагимов бұрынғы әйелін ұрды деген айыппен сотқа тартылғаны туралы жазған едік.