Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Талабын орындамасам, ол менен кек алады": Бишімбаевқа қатысты сот отырысында Нүкенованың құрбысына жазған хаттары оқылды

Бишімбаевқа қатысты іс бойынша сот тыңдалымында прокурор марқұм Салтанат Нүкенова мен оның құрбысы Аида Ахмединаның бір-біріне жазған хаттарын оқыды. Онда Нүкенова құрбысына күйеуімен қарым-қатынастағы қиындықтары мен одан кеткісі келетінін айтқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото сот отырысынан және Айтбек Амангелдінің парақшасынан

Прокурор оқыған жазбадан Нүкенованың күйеуінен кетуге қорыққаны байқалады. 

"Оның мені жіберуі екіталай. Әкем де маған оның тыным бермейтінін айтады. Ол ештеңені қаламайды. Онымен тіпті диалогқа да түспеймін. Ол бәріне мені қаралап, жаман етіп көрсетеді. Ал мен оған оралмасам, оның барлық талабын орындамасам, кек ала бастайды", – делінген жазбада. 

Нүкенова өзінің соққыдан көгерген іздері бар фотосы болғаны үшін Бишімбаевтың бопсалағанын жазған.

"Ол бұл фотоны жариялап, сол арқылы ақша табасың деп күдіктенеді. Бұл фотоны таратпауым үшін кепіл ретінде суретке жалаңаш түсуім керек екенін айтты. Мен оған "сен құбыжықсың" дедім. Бірақ жалаңаш суретке түспесем жібермейтінін білдім. Иә, одан құтылу үшін қалауын орындадым. Менің жолым болмады, шаршадым. Одан басқа ешкіммен сөйлеспеймін. Әр хабарлама, әр қоңырау, әр қадамымды басқарады. Телефонымды артық қарамаймын. Тіпті кейде қарапайым заттарды өшіруді ұмытып кеттім бе деп қорқамын. Ол кез келген уақытта қызбалыққа салынады. Айғайлап, қорлай бастайды. Шаршадым. Үнемі жанжалдан аулақ болу үшін үндемей қаламын немесе ақталамын. Жүйкем шыдай алмайды, тек ол ашуланбаса болды. Бұл махаббат емес. Қазір бәрін зерттеп жүрмін. Сол үшін Павлодарға қашып кеттім. Әрі қарай не болатынын білмеймін. Ол аянышты жағдайда. Оны осы кезге дейін аяп келдім", – делінген Нүкенованың жазбасында. 



Марқұм Бишімбаевтың айтқанының бәрін жасамаса үлкен жанжал болатынын айтқан. Сондай-ақ ол Алматыға құрбысына кеткісі келгенде, Бишімбаев оның шашын жұлғанын жеткізген.

"Бұл жағдай бірнеше рет болды. Бірнеше рет шашымнан жұлып, айқайлады. Шашымның бәрі түскеннен кейін ғана ол мұны тоқтты. Үнемі кетіп қалатындықтан ғана қол көтеруін тоқтатты. Психологпен жұмыс істегеннің көмегі болып жүр. Қазір біреуге жазуға, біреуге қарым-қатынасымыз туралы айтуға қорқамын. Аида, тек анам мен Әселкаға айтпа, қыздар тіптен білмесін. Өтінемін, ешкімге айтпа", – деді Нүкенова Ахмединаға. 

Нүкенова жақындарының алаңдамай қалыпты өмір сүруі керек екенін жеткізген. 

Еске салайық, Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды.

Талқылау