Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әлихан Смайылов отставкасына қатысты пікір білдірді

Бұрынғы премьер-министр Әлихан Смайылов отставкасына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: primeminister.kz

"Құрметті қазақстандықтар! Бүгін мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы үкіметінің орнынан түсуін қабылдады. Ең алдымен, президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа сындарлы уақытта Қазақстан Республикасының үкіметін басқаруға сенім білдіргені үшін зор алғысымды білдіремін”, – деп жазды Смайылов.

Ол жасалған жұмыстардың нәтижесін бөлісті. 

"Өткен екі жыл қоғам үшін шешуші кезең болды. Мемлекет басшысы жаңа Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған аса маңызды саяси және экономикалық реформаларға бастамашылық жасады. Үкімет осы реформаларды іске асыру және еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін қызмет етті. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысының арқасында бірқатар нәтижелерге қол жетті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 5,1% болды. Барлық негізгі сектор оң даму динамикасын көрсетті. Инфляция екі есе төмендеді”, – деп жазды бұрынғы премьер-министр Смайылов. 



Әлихан Смайылов барлығына алғыс білдірді.

"Елімізге тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі екі жыл қатарынан кейінгі онжылдықтағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі болды. Оның жылдық көлемі 26-28 млрд долларға жетті. Ұлттық қордың активтері былтыр 4 млрд долларға өсіп, 60 млрд доллардан асты. Рейтингтік агенттіктер ұлттық экономиканың тәуелсіз рейтингі мен инвестициялық сенімділігін растады. Үкіметтегі барлық әріптесіме, сондай-ақ депутаттық корпусқа бірлескен және нәтижелі жұмыс үшін шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Сонымен қатар еліміздің дамуына адал еңбегімен үлес қосып жүрген әрбір қазақстандыққа алғыс айтамын”, – деп жазды ол. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел үкіметін отставкаға жіберу туралы қаулыға қол қойды.

Роман Скляр уақытша премьер-министрдің міндетін атқарады.

Талқылау