Жетісу облысында депутатты өлтіріп кетті
Жетісу облысында Алакөл аудандық мәслихатының депутаты Дәурен Слямовты пышақтап кеткен. Депутат оқиға орнында көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото ашық дереккөзден алынған
Полицияның хабарлауынша, 15 қаңтар күні сағат 15:25-те полицияға Үшарал қаласында салынып жатқан нысандардың бірінде мас ер адамның жұмысшыларға тисіп жатқаны туралы хабарлама келіп түскен.
Полиция қызметкерлері күдікті 24 жастағы жергілікті тұрғын жұмысшыларға араша түскен 34 жастағы ер адамға пышақ салып, кейін оқиға орнынан бой тасалағанын анықтады. Жәбірленуші оқиға орнында көз жұмды.
Көз жұмған адамның Алакөл аудандық мәслихатының депутаты Дәурен Слямов екені анықталды.
"Қоңырау түскеннен кейін бес минутта оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері күдіктіні ұстады. Ұсталған азамат Алакөл аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына жеткізілді. Факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, қажет сараптамалар тағайындалды. Тергеу мүддесіне сай басқа мәліметтер жарияланбайды", – делінген Жетісу облыстық полиция департаментінің хабарламасында.