Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ташкенттегі жарылыс салдарынан 163 адам жарақат алып, жасөспірім қаза тапты

Ташкенттегі өнеркәсіп қоймасында болған жарылыс салдарынан 17 жастағы жасөспірім қаза тауып, 163 адам жарақат алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Gazeta.uz порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Сурет Gazeta.uz порталынан

Өзбекстан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 24 адам Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығы мен оның Ташкент облыстық филиалына, қалалық жедел жәрдем ауруханасына, 1-ші республикалық және 1-ші қалалық клиникалық ауруханаға, 1-ші перзентханаға жатқызылған.

Қалған 138 зардап шеккендерге амбулаторлық көмек көрсетіліп, үйлеріне жіберілген.

Ал 17 жастағы жасөспірімнің өз пәтерінде қайтыс болғаны туралы ақпаратты Денсаулық сақтау министрлігі растады.

"Қазіргі уақытта стационарда емделіп жатқан науқастардың арасында ауыр жарақат алғандар жоқ. Олардың денсаулықтары қанағаттанарлық. Медициналық көмек көрсетуге республикамыздың жетекші мамандары жұмылдырылды", –  деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі. 

Жарылыс толқыны көпқабатты үйлердегі ондаған пәтердің терезелерін сындырған. Көптеген тұрғындар көліктеріне ұйықтауға мәжбүр болған. Кейбір көліктерге зақым келген.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жарылыс болған жерге 16 өрт сөндіру және құтқару бригадасы мен үш баспалдақ көлігі жіберілді.

Талқылау