Атыраулық жас шахматшы әлемнің үш дүркін чемпионы атанды
Атыраулық жас шахматты қыз әлемнің үш дүркін чемпионы атанды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 5-11 маусымда Грузияның Батуми қаласында шахматтан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты өтті.
"Әлемдік додаға 35 мемлекеттен 426 шахматшы қатысты. Қазақстан намысын қорғаған атыраулық жас шахматшы Зарина Нұрғалиева "рапид" және "блиц" түрінен сынға түсті. Ол ойлылар ойының "блиц" бойынша алтын медаль жеңіп алып, үшінші рет әлем чемпионы атанды. Ал шахматтың "рапид" түрінен күміс медальға ие болды", -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Жасөспірім шахматшы Зарина Нұрғалиеваны Атырау облысының шахматтан аға жаттықтырушысы Сабырбай Ғайсин мен FIDE және халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионы Жәнібек Аманов жаттықтырады.
Зарина Нұрғалиева 2019 жылы Беларусь Республикасында өткен әлем чемпионатында 12 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанған. Ал 2021 жылы FIDE ұйымдастырған жылдам шахматтан әлем кубогінде қола жүлдеге ие болған.
Былтыр Румыния елінде жалауы желбіреген шахматтан әлем чемпионатында да Зарина Нұрғалиева классика санатында 14 жасқа дейінгі қыздар арасында үздік ойын көрсетті. Ол 11 кезеңде 9 жинады. Оның бұл жеңісі екінші рет әлем чемпионы атануына даңғыл жол ашты.