БҚО-да апатқа ұшыраған тікұшаққа қатысты тергеу басталды
БҚО-да апатқа ұшыраған тікұшаққа қатысты тергеу басталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Қазақстанның авиация әкімшілігі Ми-8 тікұшағын пайдаланатын әуе компанияларының қызметіне жоспардан тыс тексеріс жүргізбек. Бұған "ҚазАвиақұтқару" мекемесіне тиесілі әуе көлігінің апатты жағдайда қонуы себеп.
Осы дерекке қатысты іс қозғалып тергеу басталды. Қайғылы жағдайдың мән-жайын анықтау үшін "Қазавиақұтқару" мекемесінің директоры мен тікұшақты шығарған компания өкілдері оқиға орнында жүр. Айта кететін жағдай, әуе кемесі небәрі екі жыл бұрын ғана қолдануға беріліп, жыл басында жоспарлы тексерістен өткізілген. Енді арнайы құрылған комиссия әуе техникасының неліктен апатқа ұшырағанын анықтауға тиіс.
Өкінішке қарай төрт экипаж мүшесі қаза тапты: аға бортмеханик-нұсқаушы Сиязбек Андосов, ұшқыш-нұсқаушы Дәулетбай Қанатов, жетекші-инженер Жәрдем Досқалиев және екінші пилот Владимир Афанасьев. Марқұмдардың бәрі ұзақ жылдан бері авиация саласында қызмет еткен. Бүгін төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі жазым болғандардың отбасына қаржылай қолдау көрсетіледі деді.
“Қаза тапқан қызметкерлердің балалары кәмелетке дейін қаза тапқан қызметкердің жалақысы көлеміндегі ай сайынғы жәрдем ақымен қамтылады. Барлық қажет төлем ұжымдық келісімшартқа сәйкес міндетті түрде төленеді”, – дейді ҚР ТЖМ ресми өкілі Руслан Иманқұлов.