Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Байлар абыройына нұқсан келетін болған соң туған қыздарын көміп тастайтын": Дінтанушы қандай жағдайда төрт әйел алуға рұқсат берілетінін айтты

Исламда еркектің және әйелдің құқығы қандай? Шариғатта бір еркекке 4 әйел алуға бола ма? Бұл сұрақтарға Нартай Аралбайұлының YouTube каналында дінтанушы Кеңшілік Тышқанұлы жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Нартай Аралбайұлының YouTube каналында дінтанушы Кеңшілік Тышқанұлына “Исламда еркектің және әйелдің құқығы қандай” деген сұрақ қойды. 

“Мысалға сіз мына тұрған стаканды толтырылмаған деуіңіз мүмкін. Бірақ ол мен үшін толтырылған. Сіз қалай қарайсыз, соған байланысты. Әйелдің құқығы деген мәселеде феминизм немесе гендерлік құқығы деген мәселеге осы тұрғыдан қарау керек. Егер Исламның әйелге берген құқықтарын шектеу деп есептесеңіз мәселен, “ұзын киім кию керек, дене пішінін көрсетпеуі керек болмаса еріне ғана адал болып, басқа еркектің назарына түспеуге тырысу керек, еріне бағынуы керек” деген секілді құндылықтарды еркіндіктен шектеу деп түсінсеңіз – ол шектеу. Ал бірақ ол бұл әрекеттерді отбасын сақтап қалуы үшін, текті ұрпақ әкелуі үшін, жарын разы қылу үшін, ар-намысын сақтау үшін, аманатты қорғау үшін істейді деп түсінсеңіз, бұл – құндылық”, – дейді ол. 

Айтуынша, исламда еркектің де құқығын шектейтін тұстар бар. Отбасы мен балаларың бүкіл қаражаты еркектің мойнында.

“Әйелді еркек асырайды. Егер әйелің “мен баламды емізбеймін, емізетін адам тауып алып кел” деп айтатын болса, тауып әкелуге міндеттісің. Немесе баланы емізгенім үшін ақша төле десе, еркек ақша төлеуі керек. Өйткені, ол оның еңбегі. Сенің ұрпағыңды өмірге әкеліп, тәрбиелеп жатыр. Саған қызмет жасап, дастарханыңды дайындап беріп жүр. Былайша айтқанда, саған қызмет етіп, өмірін саған арнап жатыр. Сен оның қаржылық қажеттіліктерін қамтамасыз ете алмайсың ба? Сол себепті, бұл жерде негізгі жауапкершілік еркектің мойнында”, – дейді дінтанушы. 



Бұнымен қоса, Кеңшілік Тышқанұлы әйелдердің құқығы теңдігі мәселесінің соңы ажырасуға апарып соғатынын айтады. 

“Ал бізде қандай? Әйел адамдар трактор айдауы керек. Бұл жерде гендерлік саясат па жоқ қорлық па? Трактордың ауыр дөңгелегін көтерту артықшылық па? Немесе әйел адамға көше сыпырту оларға жасаған құрмет пе? Гендерлік мәселе деген кезде физиологияға қарау керек. Қыздарда армияға барсын дейді. Барса жақсы бола ма? Бұл жерде құдайдың өзінің жаратқан нәрсесі бар. Одан ешкім асып түсе алмайды. Қазір әйелдердің құқықтық теңдігі деп отбасындағы мәселелерді өзіне алғаны дұрыс. Бірге жұмыс жасай берсін. Бірақ осының бәрі ажырасуға апарып тұр ғой”, – дейді дінтанушы. 

Сонымен қатар Кеңшілік Тышқанұлы "Исламда бір еркекке 4 әйел алуға бола ма” деген сауалға жауап берді. 

“Бұл жерде шариғаттың талабын түсіну керек. Құрандағы аяттың жалғасында былай айтылады: “сендерге төрт әйелге алуға дейін мүмкіндік беріледі” деп. Құран түскенге дейін арабтарда әйел алу мәдениеті қандай еді. Олар әйелді тауар ретінде, ойыншық ретінде пайдаланатын. Жезөкшелер қызыл ту қойып қоятын, сол жерде кез-келген адам зина жасай беретін еді. Сол себепті әйелді ойыншыққа айналдырмаңдар деп тірі қыздарды көметін еді. Өйткені әйелді дүниеге әкелу ертең зинақорлыққа апаратын жол болды. Байлар абыройына нұқсан келетін болған соң туған қыздарын көміп тастайтын. Ислам келді де “әйелді ойыншыққа айналдырмаңдар, максимум 4 әйел одан артыққа рұқсат жоқ” деді”, – дейді дінтанушы. 

Сөзінше, тек белгілі бір жағдайларда ғана ер адамға көп әйел алуға болады. 

“Оның өзінде жағдайлар бар. Әйелдер бедеу болуы мүмкін. Ауру-сырқау болуы мүмкін. Бәрібір екінші неке қиылуға апаратын жағдайлар болады. Соған байланысты 4-еуге дейін рұқсат берілген. Бұл “талақ” жасап, зинақорлықпен айналыс деген сөз емес. Шариғатта: “Әділеттілікті сақтаудан қорықсаңдар, біреуге қанағат” етіңдер делінген. Мысалға біреудің тамағы дәмді, біреудің түрі әдемі. Соған қарай жүрегің бұрып кетпей ме? Бәйбішеңнің балаларына жақсы қарап, кіші жарыңның балаларына дұрыс көңіл бөлмесең. Осындай жерлерде әділеттілікті сақтай білу керек. Әйел алу керек дегенді ер-азаматтар өзінің нәпсісін қандыру деп түсінеді. Ол үшін ең бірінші отбасыңды құлатпауың керек. Егер құлатып алсаң, не мемлекетке, не басқаға қызмет ете алмайсың. Тіпті, екінші отбасыңды құра алмайсың. Одан кейін әдетке айналады. Мысалы, 19 талақтан шыққандар бар. Бұл шариғат емес қой”, – дейді Кеңшілік Тышқанұлы. 

Талқылау