"Ипотекаға үй алу – күнә": Желіде таралған танымал имамның сөзіне діни басқарма жауап берді (видео)
Танымал имам Қабылбек Әліпбайұлы елімізде ипотекасы бар жандардың бәрі күнәһар дейді. Діни ұстаз несиеге баспана алып күнәға батқанша, пәтер жалдап тұрған мың есе артық екенін айтады. Мұны естіген халық даурығуда, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия арнасына сілтеме жасап.
Видеодағы имамның сөзінше, шариғатта өсім бар нәрсеге жоламау керек. Яғни ипотекаға үй алғанша, ақшаны пәтерақыға жұмсаған әлдеқайда адал саналады екен.
Осылайша ипотеканы харамға жатқызған имамның сөзі қоғамда қызу талқыға түсуде.
Ал елдің баспаналы болуына бағыт беріп жүрген тәуелсіз сарапшы Ұлан Дәулетқали шын мәнінде тұрғын үйге сұраныс бар жерде ипотека бәрібір болады дейді. Одан ешкім үзіді-кесілді бас тарта алмайды. Бастысы сіздің қалтаңызға ауыр болмаса болғаны.
"Егер де, сіздің рәсімдейтін жылдық ипотекаңыздың жылдық үстемақысы, бастапқы жарнасы, ай сайын төлейтін төлемі сіздегі отбасылық бюджетке, келетін, сол бюджетке сиятын болса, онда ипотеканы рәсімдеген өте тиімді деп санаймын. Ипотеканы рәсімдеген кезде үйдің бағасы қымбаттауы немес доллардың өсуі дейтін проблемаларға басыңызды қатырмайсыз. Себебі сол кездегі банк пен сіздің араңыздағы келісім бойынша жылдық үстемақыны, үй бағасын бекітіп тастайсыз да, биыл 140 бола ма, үш жылан кейін де 140 мың болады", - дейді сарапшы.
Арна әлеуметтік желіде тараған имамның сөзі қаншалықты орынды екенін білу үшін Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасына хабарласқан.
"Егер мысалы қазіргі уақытта шариғат жолы бойынша ислами банктер бар. Олардың жұмыс істеу принципі үйді сатып алады да, үстіне ақша қосып, үстеме бағамен сатады. Яғни бөліп төлеуге. Шариғатта бұл мурабаха деп айтылады. Осылай сатылатын болса шариғатқа сай. Еш кедергісі жоқ", - дейді ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрмашұлы.
Соңғы деректі айта кетсек, елімізде жеті жыл ішінде ипотека рәсімдеу он есе артқан. Мысалы былтырдан бері шамамен 1.7 млн ипотекалық қарыз алу үшін келісім жасалған.