Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әурешілік пен негізсіз шығын": Жаңа жылды тойламайтын қазақстандықтар мереке күні не істейтіндерін айтты

Санаулы күндерден кейін жаңа жыл табалдырығымыздан аттап, төрімізге енеді. Қазір айтулы мерекеге дайындық басталып кетті. Көпшілік үйлеріне шырша қойып, қажетті азық-түліктерді алуға кірісіп кеткен. Алайда, соңғы жылдары аталмыш мейрамға сыни көзбен қарап, оны тойламайтындардың қатары артып келеді. Қазақтың жыл бастауын Наурызбен ұштастыратын жандардың пікірін Stan.kz тілшісі тыңдаған еді.

Бақытжан Ақпейілов

Қызылорда қаласының тұрғыны Бақытжан Ақпейілов Жаңа жыл мерекесін тойлауға түбегейлі қарсы. Жас жігіт бұл мейрам Еуропа елдеріне тиесілі екенін айтады. Сол себепті 31 желтоқсан – азамат үшін күнтізбедегі қарапайым күндердің бірі. Бақытжан бала кезінен отбасында бұл мерекені атап өткені есінде емес. Бұл күн жұмыс болғандықтан, қызметтен кейін үйіне келіп демалады. Жас азаматтың көзқарасын білетін достары да оны отырысқа шақырып әуре болмайды екен. Дегенмен қызылордалық жігіт өз таныстарын Жаңа жылды тойламауға шақырып, үгіттемейді. 

"Мен атамның тәрбиесін көрген адаммын. Ол кісі жанұямызда Жаңа жыл мерекесін тойлануын құптамайтын. Ұлтымызға тән мейрам емес деп айтатын. Кейін сол үрдістен айныған емеспіз. Есесіне Наурыз мерекесінде ірі қараны сойып, қазан көтереміз. Барлық салт-дәстүрімізді сақтап, қонақ шақырамыз. Өз басым 31 желтоқсан күні түнгі 12-ні күтпеймін. Үйімізде мерекелік дастархан да жайылмайды. Осыдан бірнеше жыл бұрын досымның өтінішімен 31 желтоқсанда Аяз ата болып жұмыс жасағанмын. Үй-үйлерді аралап, балаларды құттықтағанымыз есімде. Сол кезде қарапайым отбасылар бір айлық жалақысына дастархан жайғанын көріп, қатты таңғалғанмын. Бір кеш үшін қыруар қаржы жұмсаудың қаншылықты қажеті бар?" – дейді азамат.

Қызылордалық Гүлсезім Қадырованың отбасы да мерекені асығып күтіп жүрген жоқ. Мәдениет саласының қызметкері түрлі жаңа жылдық шараларды ұйымдастыруға қатысқанымен, өзі бұл мерекені тойлағанды құп көрмейді. Әйелдің балалары да Жаңа жыл мерекесін наурыз айында атап өтуге дағдыланған. Гүлсезім Наурыз мейрамын халықтық деңгейде болғанын қалайды.

"Көпшілік Жаңа жылға бір ай бұрын дайындалады. Наурыз мерекесін елеусіз қалдыратын жанұялар да бар. Бұрын 14 ақпан – Әулие Валентин күнін әспеттеп, ғашықтар бір-бірін құттықтайтын еді. Кейін идеологиялық саясаттың нәтижесінде бұл күн тойланбайтын болды. Есесіне, қазағымыздың Қозы Көрпеш – Баян Cұлу күні кең етек алып келеді. Дәл осылай Жаңа жыл мерекесін қазақиландыру керек деп ойлаймын. Өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртатын уақыт келді. Өз басым бұл мерекеде сыйлық алып, жақындарыма сыйлық беріп әуре болмаймын. Жаңа жыл алдындағы дүкендердегі қарбалас адамды әбіржітіп жібереді. Қайда барсаң да ұзын-соңар кезекке тап боласың. Меніңше, бұл бекер әурешілік пен негізсіз шығын", –  дейді қызылордалық келіншек.

Расымен, Жаңа жыл мерекесін халықтық деңгейде тойлау Еуропа елдерінен бастау алған. Тарих ғылымдарының докторы Дастан Сәтбай да бұл мәліметті растайды. Ал шырша  безендіріп, салют пен шампан атуды қазақ елі Кеңес Одағының құрамында болған кезден үйренген.

"Қазақ елінің тарихы Ресей елімен тығвз байланысты. Орта ғасырларға дейін Жаңа жыл күз немесе көктем мезгілі деп саналған. Кейін Григорян күнтізбесі енгізіліп, Жаңа жыл 1 қаңтар болып белгіленді. Аталмыш мерекені тойлау Кеңес Одағының кезінде ерекше белең алды. Көпшілік сол жылдары тапшы болатын шыршаға ұзың-соңар кезекте тұратын. Арнайы осы мерекеге тіпті "Советский" шампанының өндірісі де басталған деген мәлімет бар. Жалпы, мерекелік дастархан жайып, Жаңа жылды күту қазаққа Кеңес Одағынан келген үрдіс деп айтуға болады. Соңғы жылдары бұл мейрамды тойламайтын жанұялар көбейген. Бұл – ұмытылған дәстүрлерімізді жаңғыртуға бағытталған қадам", –  дейді тарихшы.

Талқылау