"Грузияға депортациялансын": Тбилисиде көз жұмған Әселдің анасы туысын жазалауды сұрады
Грузияда белгісіз жағдайда көз жұмған Әсел Айтпаеваның анасы қызын шетелде жұмыс істеуге шақырған туысын қамауға алуды сұрады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Грузияның Тбилиси қаласында қайғылы жағдайда қаза тапқан 26 жастағы Әсел Айтпаева Нұр-Сұлтанға жеткізіліп, жер қойнына тапсырылды.
Әсел Тбилисидегі көп қабатты пәтерлердің тоғызыншы қабатынан секіріп кеткен. Іске қатысты Грузия азаматы қамауға алынды.
Марқұмның отбасы қыздың өзіне-өзі қол жұмсағанына сенбейді. Сонымен қатар, жақындары қызға жұмыс тауып беремін деп, Грузияға шақырған туыстарының да жазаға тартылғанын қалайды.
Әселдің анасы Айсұлу Айтпаева қызының денесін үйге алып келді.
26 жастағы Әсел бір апта бұрын Тбилисиде түсініксіз жағдайда қайтыс болды. Сәуір айының соңында туысы оны Грузияға жұмысқа шақырған. Кейін туысы күтпеген жерден Қазақстанға оралған. Бір күннен кейін қыз өлі күйінде табылды.
"Мен мәйітті алып келе жатқандықтан, Мейірбеков Мұраттың Грузияға депортацияланғанын қалаймын. Өйткені бәрі Грузияда болған. Мұрат Қазақстанға келіп алғандықтан, тергеуді тоқтатып тастауы мүмкін. Ол қызымды Грузияға апарды. Мен Мұратқа өз балама сенгендей сендім. Бірақ осындай жағдай болды. Сондықтан, мен тергеу амалдарына Мұраттың да қатысқанын қалаймын", - дейді қыздың анасы Айсулу Айтпаева.
Жақындары Әселдің өліміне Грузиядан жұмыс тауып берген туыстарының қатысы бар екеніне сенімді. Олардың сөзінше, туыстары Әселді Грузияға апарып, зорлап, артынша сатып жіберген. Ер адам қазір Қазақстанда жүр деген ақпарат бар. Алайда Мұрат Мейірбеков түсініктеме беруден бас тартты.
"Барлық сұрақтар бойынша полицияға жүгініңіздер. Тергеу жүріп жатқандықтан, мен жауап бере алмаймын", - дейді Мұрат Мейірбеков.
Әселдің тоғызыншы қабаттың терезесінен құлауының салдарынан қайтыс болғаны белгілі болды. Грузия прокуратурасы оның өлім алдында зорланғанын мәлімдеді. Жергілікті полиция 57 жастағы күдікті Бесик Тордуаны ұстады.
Айта кетейік, 6 мамырда қазақстандық бойжеткен Грузияда түсініксіз жағдайда көз жұмғаны айтылған еді. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, ол тоғызыншы қабаттан құлап кеткен. Кейіннен Грузия бас прокуратурасы Әселдің зорланғаны туралы мәлім етті.
Анасы қыздың денесін Грузиядан Қазақстанға алып келді.