"Бүтін бір саланы қалай басқарып отырсыз?": Нұрлан Нығматулин индустрия министріне шүйлікті
Қазақстан парламенті мәжілісінің спикері Нұрлан Нығматулин индустрия министрі Бейбіт Атамқұловға шүйлікті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Мәжіліс депутаттары республикалық бюджетке түзетулерді қарап, 2021 жылға арналған Қазақстан экономикасын дамыту жөніндегі болжам нақтылады.
Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің айтуынша, биылғы қорытынды бойынша ел экономикасының өсу болжамы 2,8-ден 3,1%-ға дейін жақсарды, яғни Қазақстан экономикасы қалпына келіп жатыр.
"Әсет Арманұлы, болжамдарыңыз негізді және шын мәнінде оптимистік болып көрінуі мүмкін, бірақ, әділдікке салсақ, ЖІӨ өсуінің осы 3%-ы былтыр экономиканың құлдырауына байланысты болды, бұл туралы сіз үндемей отырсыз. Экономиканың өсуі тек сіз бен біздің жақсы цифрларымызда, пайыздарымызда ғана көрсетілмеуі тиіс. Мұның бәрі азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жақсартуы тиіс", - деді Нығматулин.
- "Қайтадан оқы": Мәжіліс төрағасы сөзінен жаңылған министрге ұрысты
- "Таңнан кешке дейін ұйықтайды": Нығматуллин қазақстандық шенеуніктерді сынап тастады
Спикердің айтуынша, егер экономика министрлігі, мысалы, агроөнеркәсіптік кешендегі өсім туралы болжамдарды жарияласа, онда қазақстандық сөрелер импорттық өнімдермен емес, отандық ірімшіктер мен шұжықтармен толуы керек.
"Пайызды сызғандарыңыздың еш пайдасы жоқ. Егер өнеркәсіптің, құрылыс индустриясының өсуі туралы айтатын болсақ, онда азаматтарымыз құрылыс материалдарының халыққа, оның ішінде бағасы бойынша да қолжетімді екенін сезінуі тиіс, бірақ соңғы кезде ондай бізде байқалмайды, Бейбіт Атамқұлов. Соңғы уақытта өсім барлық бағытта жүріп жатыр. Солай ғой, Бейбіт Бәкірұлы?", - деп жалғастырды Нығматулин.
"Иә, иә", -деп жауап берді Атамқұлов.
"Естілмейді, микрофонды қосыңыз", - деді спикер.
"Иә", - деді Атамқұлов тағы да микрофонсыз.
"Министр Атамқұловтың микрофонын қосыңыздар. Сіз бүтін бір саланы қалай басқарып отырсыз? Түймені баса алмайсыз", - деді Нығматулин.
"Иә. Міне қосылды. Иә, келісемін", - деп жауап берді Атамқұлов қосылған микрофонға.
Бұған дейін мәжіліс төрағасы денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың жұмысын сынға алғаны туралы хабарланды.