"Несиеге жөндеген үйімізді тартып алмақшы": Қарағанды облысында әкімдік 18 отбасыны далаға қумақшы
Қарағанды облысы Абай ауданында 18 отбасы үйсіз қалуы мүмкін. Тұрғындардың айтуынша, 10 жыл бұрын бос тұрған үйлерге қоныстануға бұрынғы әкім рұқсат берген. Алайда шенеунік қайтыс болып, орнына келген шенділер тұрғындарды сотқа берген. Несие алып, жөндеу жүргізген азаматтар далада қалулары мүмкін екенін айтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Айбат" жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
68 жастағы Ердімұрат Шаймұрат Моңғолиядан 10 жыл бұрын көшіп келген. Сөзінше, есік-терезі жоқ үйді өзі жөндеп алған.
"Көшіп келгенде еден мен терезе, есік болған жоқ. Бұрын жуынатын орын мен дәретхана бөлек болған, алайда бөліп тұрған қабырғаны бұзып тастаған", – деді Ердімұрат Шаймұрат.
Тұрғындарға бос үйлерге қоныстануға бұрынғы аудан әкімі Еркебұлан Нашаров рұқсат берген. Бірақ ол кезде құжаттарды рәсімдемеген. Әкім үйді жөндеген соң құжаттарды рәсімдеуге уәде берген. Алайда әкім қайтыс болып, іс аяқсыз қалған.
"Ақшаны әкім орынбасарына бердік. Ол ақшаны алып, құжаттарды рәсімдеп берген жоқ", – дейді тұрғын Жақсылық Топыл.
10 жылдан кейін аудан басшылығы тұрғындарды пәтерлерді заңсыз иеленді деп сотқа берген. Олар үйлерді кезекте тұрған азаматтарға беретінін мәлімдеді.
"Заңды бұзуға ешкімнің құқығы жоқ. Барлығы заңдастырылса, мемлекеттік орган қарсы болмайды. Заңсыздыққа біз де жол бере алмаймыз. Сот шешімі шықса, соған қараймыз", – деді Абай ауданының әкімі Мұрат Мағзин.
Егер сотта тұрғындар жеңіліп қалса, 18 отбасы далада қалуы мүмкін.