"Нарықтағы бағасы 20 есе аз": Қоқыс мәселесін шешу үшін Түркістан әкімдігі жасаған 53 миллион теңгелік қосымшаны халық білмейтін болып шықты
Түркістан әкімдігі қоқыс мәселесін шешу үшін TazaKala мобильді қосымшасын әзірлеуге 53 миллион теңге бөлген. Жоба тұрғындардың шағымдарын онлайн қабылдап, қала тазалығын жақсартуды жоспарлаған. Алайда бұл қосымшаны жұртшылық мүлде қолданбайтын болып шықты. Қосымшаны әзірлеуші ITurkistan Life компаниясын Жайық Орманов есімді әкімдік қызметкері мемлекеттік тапсырысты алудан екі ай бұрын ғана тіркеген. Ол шілде айында қосымшаға патент рәсімдеп, тамызда әкімдіктен конкурссыз, бір көзден келісімшарт алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі зерттеп көрді.
Фото: Stan.kz
TazaKala қосымшасының шын мәнінде құны қандай?
Тапсырыстың техникалық сипаттамасын зерттеген "Право выбора" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Амангелді Қалыбек дәл осындай қосымшаны жасаудың нарықтық құнын анықтауға тырысқан. Ол IT-компаниялардың бірінен сол талаптарға сай коммерциялық ұсыныс алған. Олардың бағасы – небәрі 2,5 миллион теңге. Ал Түркістан әкімдігі бұл жобаға 20 есе көп қаражат жұмсаған. Одан бөлек iOS нұсқасы мүлде жоқ, ал Google Play деректеріне сәйкес, қосымшаны 10 адамнан аз жүктеген.
Бұл жобаның ең белсенді іске асырушыларының бірі – Түркістан облысы әкімдігінің ақпараттық қауіпсіздік және цифрландыру бөлімінің басшысы Жайық Орманов. Ол ITurkistan Life атты жеке компаниясын маусым айында тіркеген. Ал шілдеде қосымшаға патент алып, тамызда 53 миллион теңгелік мемлекеттік тапсырысты жеңіп алған. Ең қызығы, бұл келісім ашық конкурссыз, бір көзден берілген. Себебі әкімдік Ормановтың патентін негізге алып, тек ол ғана мұндай қосымшаны жасай алады деп шешкен.
Алайда бұл шешім заңсыз болуы мүмкін. Өйткені мемлекеттік сатып алу заңы бойынша бәсекелестік негізінде ашық конкурс өтуі керек. Тек ешбір IT-компания мұндай өнімді ұсына алмаған жағдайда ғана тікелей келісімшарт жасауға рұқсат беріледі.
Мемлекеттік аудит қайда қарады?
Құқық қорғаушылар бұл келісімнің заңдылығына күмән келтіріп, мемлекеттік органдардан тексеру жүргізуді талап етті. Себебі мұндай "цифрландыру" жобалары арқылы бюджет қаражатының қаншалықты тиімді жұмсалып жатқаны күмәнді.
Осы ретте бұған редакция мен өңірдегі экономикалық тергеу департаменті ерекше қызығушылық танытып, қала әкімдігінен түсініктеме сұрады.
Түркістан әкімдігі бастапқыда мәселенің “құқықтық бағасын беру бойынша құзырлы органдарға хат жолданғанын” айтқан еді. Бұған қоса әкімдіктен “Жайық Ормановтың кім екенін?” сұрағанымызда мардымды ешнәрсе айта алмады.
Кейін әкімдік өкілдері бұл соманы тым көп деп санамайтынын айтып, 2024 жылы қосымшаны техникалық қолдауға тағы 64 миллион теңге бөлуді жоспарлағанын мәлімдеді. Бірақ қоғамдық наразылықтың арқасында бұл қаржы қысқартылып, 2025 жылғы бюджеттен TazaKala-ға бөлінетін шығын алып тасталды.
"Республикалық "Таза Қазақстан" Telegram-ботының іске қосылуына байланысты мобильді қосымшаға қажеттілік жойылды" – деп түсіндірген.
Шенеуніктер бұл шешімді "Таза Қазақстан" Telegram-ботының іске қосылуымен байланыстырды. Алайда ботты 2023 жылдың шілде айында-ақ іске қосылып, TazaKala қосымшасын жасау бойынша келісімшарт тамызда жасалған. Яғни әкімдіктің мәлімдемесінен сәйкессіздік байқауға болады.
Қазақстандық IT-кәсіпкер, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы инновациялық шешімдер жасаушы Виталий Пустовойтенконың айтуынша, осындай қызметтер мен қосымшаны қолдау айына шамамен 1 миллион теңге тұрады. Ал Түркістанда 4 айда 53 миллион теңге жұмсалған.
"Егер бұл қызмет ашық конкурсқа шығарылғанда, біз әлдеқайда арзан баға ұсынар едік. Нарықта мұндай қызметті ұсынатын кемінде 5-6 компания бар. Ал нарықтық бәсекелестік, өздеріңіз білесіздер, бағаның әділ болуына ықпал етеді", – деді Виталий.