Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда мұсылмандар алқаби болудан және үкім шығарудан бас тартуда: Бұл жөнінде ҚМДБ не дейді

Әйелі Салтанат Нүкенованы асқан қатігездікпен өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың соты 12 алқабидің қатысуымен тікелей эфирде өтіп жатыр. Жәбірленуші тараптың адвокаты Жанна Оразбақова “Dope soz” подкастында дінге берік адамдардың шариғатқа байланысты алқаби болудан бас тартқанын айтты. Осыған байланысты ҚМДБ басқарма төрағасының орынбасары Сансызбай қажы Құрбанұлы Stan.kz тілшісіне пікір білдірді.

Фото: kubantoday.ru

Адвокат Жанна Оразбақова көп мұсылман қауымның шариғатқа байланысты алқаби болудан бас тартқанын айтты. 

“Олардың діни сенімі бойынша, яғни Ислам дінінде мұсылман адам басқа біреуді оның әрекеті үшін айыптай алмайды. Сол себепті олар әлдекімді кінәлап, соттауға құқығы жоқ деп санайды. Сондықтан олар алқаби болудан бас тартты”, – дейді Жанна Оразбақова.

ҚМДБ басқарма төрағасының орынбасары, наиб мүфти Сансызбай қажы Құрбанұлы Ислам діні мұсылмандарға алқаби болуға тыйым салмайтынын айтты.

“Шариғат бойынша алқаби болуға рұқсат. Алайда алқаби болу жауапкершілігі жеке тұлғаға қатысты болғандықтан, оның бұл істен бас тартуына немесе келісім беруіне болады. Өйткені әр азаматтың таңдауы өз еркінде”, – дейді дін өкілі.

Сансызбай қажының айтуынша, Ислам дінінде ешбір айғақсыз біреуді айыптауға болмайды.

“Егер әйел кісі күйеуінің көзіне шөп салса, яғни ойнастық жасаса, шариғат бойынша ер адамның оны өз бетінше жазалауға, ұрып-соғуға құқығы жоқ. Өйткені бұл мәселеде қазы тиісті шешім шығаруға тиіс. Әйеліне зорлық-зомбылық жасау, оны ұрып-соғу – шариғатқа қайшы іс”, – деді ҚМДБ басқарма төрағасының орынбасары.

Алқаби деген кім?

Алқаби – заңда белгіленген тәртіппен соттың қылмыстық істі қарауына қатысуға шақырылған және ант берген Қазақстан Республикасының азаматы. Алқабилерге кандидаттардың тізімдерін жергілікті атқарушы органдар жасайды.


Неліктен Бишімбаев алқабилер сотын сұратты? Оларды сатып алу мүмкін бе? Сот процесі туралы сұрақтарға жауап береміз


Бұған дейін Жоғарғы сот Бишімбаевтың ісі бойынша сотқа алқабилер қашан және қалай іріктелетінін түсіндірген еді. 

Айта кетейік, бұған дейін бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды.

Талқылау