"Миы шайқалып, ауруханада жатыр": Алматыда балабақша тәрбиеленушілері қатарластарын соққыға жыққан (видео)
Алматыда №51 бөбекжай-балабақшасында тәрбиеленушілердің қатарластарын ұрып-соққан сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Видеодан алынған скрин
Кадрлардан баланы қатарластарының еденге құлатып, жұдырықпен ұрып, тепкілегенін байқауға болады. Зардап шеккен баланың ата-анасының айтуынша, жантүршігерлік оқиға 21 ақпанда болған.
"Ұлымызды балалар аяусыз соққыға жыққан. Оны ұрып-соғу шамамен бес минутқа созылған. Балалар ол кезде тәрбиешінің қарауынсыз қалған. Ұлым қазір миы шайқалып ауруханада жатыр. Балалардың қатыгездігіне шек жоқ. Оларға ата-анасы осындай тәрбие берді ме? Видеоны көргелі бері есімізді жия алмай жүрміз. Ал тәрбиеші ұлымыздың соққыға жығылғанын бірден байқамаған. Кейіннен ол балаңыз өзін-өзі ұрған деп айтты", - деді баланың ата-анасы.
Ата-ана мұндай оқиғалардың бұл балабақшада бұрын да болғанын айтты. Ал Алматы қаласының білім басқармасының хабарлауынша, оқиға түскі ас кезінде болғандықтан балабақша тәрбиеленушілердің бұл әрекетін байқамай қалған.
"№51 бөбекжай-балабақшасында болған оқиға бойынша, алынған түсіндірмеге сәйкес, тәрбиеші осы сәтте балаларға түскі ас алған басқа бөлмеде болғанын хабарлайды. Сондықтан балабақша тәрбиеленушілерінің мінез-құлқын бақылай алмады. Балабақша әкімшілігінің бұйрығымен бұзушылықтар үшін тәрбиешіге қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданылды. Бақылауды әлсіреткені үшін балабақша меңгерушісі де тәртіптік жазаға тартылды", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ Жетісу аудандық полиция басқармасының мәліметінше, үш жасар баланың ата-анасының арызы бойынша тексеру жұмыстары жүргізілді. Балабақша қызметкерлері мен балалардың ата-аналарын жауапкершілікке тарту мәселесі шешілуде.
Айта кетейік, бұған дейін Атырауда балабақша тәрбиешісі сабақ түсіндіру кезінде баланы ұрып жібергені туралы жазған едік.
Кинотеатр дәретханасына бармақ болған қазақстандықты билеті болмағаны үшін ішке кіргізбей қойған: Бұл заңды ма?