Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Mercedes-Benz-те жұмыс істейтін қазақ Германияда қазы жасап, брендке айналдырды

Арман Болысбеков Германияың Штутгарт аймағында тұрады. Бұл елге мектепте оқып жүрген кезінде ата-анасымен бірге көшіп келген. Бүгінгі таңда әлемге әйгілі Mercedes-Benz компаниясының зауытында автоматтандыру бойынша электрші болып қызмет атқарады. Бұдан бөлек, бос уақытында қазы айналдырып сатып, жат елде ұлттық тағамды насихаттап жүр. Ерекше кейіпкермен "Түркістан" газетінің тілшісі Әлия Тілеужанқызы сұхбаттасты.  

Фото: “Түркістан” газетінен

Мектепті Германияда бітірген Арман Mercedes-Benz компаниясында 10 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Айтуынша, әлемге әйгілі бұл компания зауытына жұмысқа тұру оңай іс емес. 

"Мектеп бітірген соң, Mercedes-Benz-тің фирмасындағы арнайы оқу орталығына құжат тапсырдым. Жал­пы, Mercedes-Benz-тің жанынан ашылған мұн­дай орталықтарға оқуға түскен адам өз ма­мандығы бойынша үш жарым жыл уа­қыт оқуы қажет. Онда мамандық бойын­ша оқытылуы тиіс пәндерден бөлек, ай сайын бір апта бойы мектепке барып, ма­темати­ка, неміс тілі және тарих пән­дерін оқисың. Со­сын емтихан тапсырып, үш жарым жыл­да жинаған білімің мен біліктілігіңді көрсетуің қажет.

Орталықтағылар алдымен мек­теп­тегі оқу үлгеріміңді тексереді, сосын сұх­баттасуға шақырады. Сұхбаттасу кезін­де мінез-құлқыңа, жүріс-тұрысыңа қарай­ды, сосын техникалық тестілеуден өткізе­ді. Оған екінің бірі түсе алмайды. Абырой болғанда бағым жанып, оқуға түсіп кеттім. Сосын 2011 жылы осы зауытқа жұмысқа кірдім", – дейді ол. 

Арман Болысбеков бос уақытында қазы жасап, сатумен айналысады. Болашақта қазақтың ұлттық дәмін бренд қылып, Германияның басқа аймақтарына таратуды армандайды. Бүгінде бұл іспен Қырғызстан мен Молдавиядан келген досы үшеуі айналысады. Ал кәсіпті бастауына "Qazan e.V." атты неміс-қазақ қауымдастығының төрағасы Валерий Оствальд себеп болыпты. 



"Ол "Сен қазыны жасап, неге сатпайсың? Біріншіден, ақша табасың, екіншіден, ұлттық тағамды насихаттайсың, үшіншіден, атажұрттың дәмін сағынып жүрген жандарға жақсылық жасайсың" деп идея беріп, қанаттандырып жіберді. Сөйтіп, бастапқыда бұл іспен бес жыл бойы жалғыз өзім айналыстым. Сосын сол қауымдастық арқылы Қырғыз Республикасынан келген Виктор есімді жігітпен таныстым. Ол Германияда қасапшының оқуын оқыған, оған шұжық өнімдерін әзірлеуге рұқсат етілген. Айта кетерлігі, Германияда шұжық өнімдерін әзірлеп, сату үшін арнайы рұқсат алуың қажет. Бұл өнімдерді заңсыз түрде сататын болсаң, тергеуге алып, тіпті түрмеге қамап қоюы мүмкін. Сосын арамызға Молдавиядан келген Виталий қосылды. Виктор қазының не екенін бұрыннан біледі екен, бірақ бұған дейін жасап көрмеген. Ал Виталий қазы секілді тағам түрінің бар екенін осында келіп білді, бірақ ол қазыны бірден ұнатты. Сөйтіп, қазір соңғы екі жылда осы екеуімен бірге қазы айналдырып, тапсырыстар аламыз", – деп түсіндірді Арман. 

Арман мен оның серіктестері жылқының етін фермер неміс азаматынан алып тұрады. Айтуынша, Германияда 1 келі еттің бағасы 4500 теңгеге жуықтайды. Бір қызығы, қазыға бұрын Қазақстанда тұрған немістер көбірек тапсырыс береді екен. Әзірге тек тапсырысқа жұмыс істейтін кәсіп иелері болашақта қазыны дүкен сөрелеріне қоюды жоспарлап отыр. Бүгінде оны өтімді ету үшін қолдан келгенді жасаймыз дейді өзі. 

"Қазір қап­тамасы, вакуумдық орауыштың қалай болатынын ойластырып жүрміз. Одан бөлек, құрамы мен қайда жасалғанын білдіртетін жапсырма қағаз әзірлеп жатырмыз. Со­нымен қатар сыртында қазақ өнімі еке­нін білдіртетін өрнек салу ойымызда бар", – дейді Арман. 


 

Талқылау