Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әкеме қарамады": Жамбыл облысында қызы 5 жылдан кейін іздеп келген анасына барудан бас тартты

Шалхаргүл Байсеңгірова Жамбыл облысында қызымен мал бағуға барып, құлдыққа түсіп қалған. Айтуынша, адам төзбес азаптан біз қашып құтылдық, қызым қалып қойды деп жылады. Анасы қызын қайтарып алуға көмек сұрады. 

Бұл туралы “Астарлы ақиқат” бағдарламасында айтылды. 

Анасының айтуынша, қожайыны кәмілетке толмаған қызын күштеп күйеуге беріп жіберген. Анасы өзінің амандығы үшін баласының басын бәйгеге тігіп, кеткеніне өкінеді. Шырылдаған ана қызының не өлі, не тірі екенін білгісі келеді.

Ақтау қаласының тұрғыны Шалхаргүл Байсеңгірованың екі баланың анасы. Айтуынша, қызын 8 жыл көрмеді. Жамбыл облысы, Көкшолақ ауылында ұлымен, қызымен бірге мал баққан. Бұл жайлы өзі баяндап берді. 

“Мен қызыммен, баламмен бірге мал бағуға бардым. Бірақ бізге ақша дұрыс төлемеді. Ұлымды ұрып-соқты. Кейін күйеуім келіп мені алып кетті. Балаларым бармаймыз деді. Оларға кейін келіп алып кетемін дегенмін. Бірақ 8 жыл болды. Иесі қызымды күйеуге беріпті. Қазір баласы бар. Бірақ ұрып-соғып екінші баласын түсірген. Күйеуі де дұрыс адам емес көрінеді”, – дейді ол. 

Ал жолдасының айтуынша, мал иесі есірткімен айналысады. Егер полицияға шағымданса, анаша салып, өзін кінәлі етем деп қорқытқан. Сондықтан полицияға арыздануға бара алмаған.


Түркістан облысының тұрғыны 25 жылда 9 рет үйленген


Шаруа қожалығы Мубархан Қазыбеков Шалхаргүл апайдың сөзін жоққа шығарды. 

“Бұл кісілер өз еркімен келіп, өз еркімен кеткен адам. Балалары менің қолымда тұрды. 5 жыл осында жүрді. Екеуі де жақсы бала. Мен есірткімен айналыспаймын. Оларға ақшасын да бердім. Қызы қорықшымен кездесіп жүріп, өздері бас қосты. Мен оларды күштеген жоқпын. Өз еркімен тұрып жатыр”, – дейді шаруа қожайыны. 

Қызы Әсемнің айтуынша, шешесі өзін тастап кетіп қалған. Тіпті күйеуі өзіне қырындап, қол жүгірткен деп ашынды. 

“Әкем мен туғанда 63-те болған. Анам емес, мені әкем өсірді. Әкем үлен кісі болды. Ауырып жатқанда мен 3-сынып оқыдым. Ол кезде әкеме өзім қарадым. Анам кетіп қалды. Кейін әкем қайтыс болған соң жетісінде жылап келді. Менен кешірім сұрады. Үш жыл іздеуде болды. Мені ата-ана құқығынан айырамыз деген. Кейін мені алып кетті. Мал бағатын жерге әкелді. Күйеуі түнде маған қол жүгірткен еді. Бірақ оны анама айтқанда, “ештеңе болмайды” деді. Мені тастап, тағы күйеуімен кетті. Мені ол кісі емес, керісінше қожалықтағы ата мен апа қарады. Ол кісіні ана дегім келмейді. Өз еркіммен күйеуге тидім. Анама бармаймын”, – деді қызы. 

Ал ұлы Мануарбек 4 айдан бері анасының қасында. Анасымен, өгей әкесімен бірге тұрады. 

“Бізді құлдықта ұстағаны өтірік емес. Мені қожайын мен ұлы ұрып-соқты. Анам кеткен соң ұрды. Тісімді сындырды. Қарындасымды жақсы көремін. Бірақ мен анаммен қаламын. Әсемді қасымызға алғымыз келеді. Қазір жұмыс істеп жүрмін. Анамның қасында боламын”, – деді ол. 

Бағдарлама көрермендері мен сарапшыларының бірі үш тараптың үш түрлі сөзін түсінбей дал болды. Бірі Әсемнің сөзі дұрыс десе, бір ананың жанайқайына назар аударды. Енді бірі науқас ұлының сөзіне сенді. Бағдарлама соңынды әркім өз таңдауын жасады. Қызы жолдасымен қалды. Ана мен бауыры бөлек кетті. 

Талқылау