Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мені кім алады деп уайымдадым": Танымал әзілкеш Мереке Қалбаева артық салмақтан қалай арылғанын айтып берді

Елімізге белгілі жайдарманшы, әзілкеш, блогер Мереке Қалбаева артық салмақ туралы сөз қозғап, қыз-келіншектерге кеңес берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: https://www.instagram.com/merekusha.k/

Әзілкештің айтуынша, осыдан 9 жыл бұрын салмағы 90 келіге жеткен. 

“Салмағым – 90 келі. Бетім толған – безеу. Мамамның ең үлкен уайымы – менің тұрмысқа шығуым еді. Шынымды айтсам, өзім де күйеуге тиіп, бақытты әйел болып жүргенімді елестете алмадым. Ол кезде маған жетпегені – қолдау еді. Ешқашан жақсы пікір естімейтін шығармын деп ойладым. Арықтауым – анамның өтініші. Өйткені ол кісі айтып қоймады. Содан артық салмақтан арыламын деп шештім. Дәрілерден бастап, неше түрлісін іштім. Бірақ семіздікпен 8 жыл алыссам да, 4 келі ғана тастадым. Бастаған ісімді жарты жолдан тастап кеттім”, – деп бастады әңгімесін әзілкеш. 



Сондай-ақ, жайдарманшы ару ешқандай дәрі көмектеспегесін, өзбетінше арықтаймын деп шешім қабылдаған. 

“2015 жылы нақты салмақ тастауға ниет еттім. 90 келімен жүру мүмкін болмай кетті. Өзім ойлап тапқан әдіс-тәсілге көштім. Өзіме деген бағам өсіп, салмақ тастай бастадым. Сол жылы жігітіммен таныстым. Бірақ жігіт таптым, күйеуге шығамын демей, арықтауды жалғастыра бердім. Нәтижесінде, 15 келі тастадым. Бұрындары дәрі ішіп, спорт пен диета деп жүрсем де, 1-2 аптадан кейін салмақ қосып алатынмын. Өзім ойлап тапқан әдістен кейін салмақ қоспадым. Жүкті кезде де, қатты толық болмадым. Ең бастысы дұрыс тамақтану мен жігер керек”, – деп жазды жайдарманшы. 

 Фото: https://www.instagram.com/merekusha.k/

Айта кетейік, Денсаулық сақтау вице-министрі – бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова зерттеулерді негізге ала отырып, елімізде семіздік пен қант диебетімен ауыратындардың өсіп келе жатқанын атап өтті. 

Бұған дейін, семіздік бойынша денсаулық сақтау саласының маманы Аманда Блэк диетаның салмақ тастау кезінде тиімсіз екенін айтқан еді. 

Талқылау