Мектеп түлектері енді "Болашақ" бағдарламасымен оқи алады: Дегенмен грантқа өтінішті барлығы бере алмайды
Сенат спикері Мәулен Әшімбаев елде дарынды оқушыларды қолдау үшін "Болашақ" бағдарламасына бакалавриат бойыншы білім алу нормасы қайта қосылатынын айтты. Дегенмен грант тек олимпиада жеңімпаздарына берілмек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: bolashak.gov.kz
Сенаттың жалпы отырысында Мәулен Әшімбаев "Болашақ" бағдарламасына енгізілетін өзгерістер жайында айтты.
"Бастапқы кезеңде "Болашақ" арқылы бакалавриат пен магистратураға жіберетін еді. Содан кейін бакалавриатты алып тастап, магистратураны қалдырды. Қазір талантты жастарды қолдауға шешім қабылдап, бакалавриатты қоспақ. Тек олимпиаданы жеңген балаларға ғана көмек көрсетіледі. Қалған бағдарламалар магистратура мен пост-магистратураны қаржыландыруға жұмсалады", – деді ол.
Сенат кулуарында ғылым және жоғарғы білім министрінің орынбасары Дархан Ахмет-Заки қай олимпиадалардың жеңімпаздары "Болашақпен" білім алатыны нақтыланбағанын айтты. Сөзінше, алдағы уақытта олимпиадалардың тізімі жасалып, жарияланады.
"Басты талап: қолында дипломы болуы керек. Қазір алдағы олимпиадаларға дайындық болып жатыр. Соны жеңіп келген балалар жаздағы құжат жинау кезінде ескеріледі. Негізгі логика: құжаттарды өткізген соң тәуелсіз комиссиядан өтуі керек. Шешім республикалық комиссиямен бекітіледі", – деді Дархан Ахмет-Заки.
Ғылым министрінің орынбасары грант саны мен мамандықтар тізімі әлі бекітілмегенін жеткізді.