Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда полицейлер марқұмның телефонын ұрлап, оның атынан несие рәсімдеген

Жезқазғанда қалалық сот жол апатынан қаза тапқан ер адамның ұялы телефонын меншіктеп алған екі полиция қызметкеріне үкім шығарды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Былтырғы көктемде жергілікті полиция бөлімінің екі криминалисті жол апаты болған Жезқазған-Сәтпаев трассасына барған.

Оқиға орнында полиция қызметкерлері қаза тапқан жүргізушінің ұялы телефонын тапқан. Оны заттай дәлел ретінде тапсырудың орнына полицейлер телефонды алып кеткен. Кейін мобильдік қосымша арқылы телефон иесінің атына микрокредит рәсімдеген. Олар түскен ақшаны танысының картасына аударған. Біраз уақыттан кейін олардың алаяқтық әрекеті анықталды. 

Экс-полицейлер ұрлық, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және алаяқтық жасады деген айыппен ұсталды.

Күдіктілер прокурормен процессуалдық келісім жасасып, өз кінәсін толығымен мойындады. Нәтижесінде олар түрмеге қамалмады.

Жезқазған қалалық соты оларды 3,6 жылға бас бостандығын шектеуге үкім шығарды.

"Баяндалғанды негізге ала отырып, сот сотталушыларды кінәлі деп таныды және бірінші сотталушыға 3 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады, бұл ретте ол өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан, сондай-ақ полиция лейтенанты арнаулы атағынан айырылды. Екінші сотталушыға полиция аға лейтенанты арнаулы атағынан айыра отырып, 3 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енді", - деп хабарлады Жезқазған қалалық сотының баспасөз қызметі.

Талқылау