Маңғыстауда итбалықтардың қырылу себептерін мамандар анықтап жатыр
Ақтаудан 230 шақырым жердегі Бозашы түбегінде орналасқан Қаражанбас кен орнына қарама-қарсы жағалауда жергілікті тұрғын 50-ге жуық итбалықтың өлі денесі тапқан, деп хабарлайды Lada.kz сайтына сілтеме беріп Stan.kz ақпарат агенттігі.
Жануарлар жағаға ең жақын құдықтың сол жағынан табылған. Желіде фото таратқан адамның сөзінше, итбалықтың өліміне Каспий теңізінің тартылуы себеп болған.
Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы департаменті департамент қызметкерлері Бозашы түбегіне жіберілгенін хабарлады.
Каспийдің шектен тыс таяздануын облыс тұрғындары Түпқараған ауданындағы Жығылған ойпаты аймағынан байқаған. Бұл жерлерде су жағадан 60-70 метрдей алыстап кеткен.
Айта кетейік, 2020 жылдың қараша айында Каспий итбалығы Қазақстанның Қызыл кітабына енді. Бұл қаулыға премьер-министрі қол қойды.
Қазақстан Республикасында "Қызыл кітапқа" енген жануарды өлтіргені үшін 3000 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 800 сағатқа дейін түзеу жұмыстары немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.
Мамандардың айтуынша, Каспий итбалығының саны жыл сайын 3-4 пайызға азайып келеді.
Бір күн бұрын Маңғыстау облысындағы Қаражанбас кен орнының су алынатын бөгет маңынан өлі итбалықтар табылды. Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының балық инспекциясы басқармасының мемлекеттік инспекторлары жағдайды тексеруге жіберілді.
"26 сәуірде сағат 23:00-дегі жағдай бойынша әртүрлі жерлерде, бір-бірінен қашық орналасқан 22 итбалық өлексесі табылды. Инспекция қызметкерлері жануарлардың өлексесі қатты ыдырағандықтан олардың өлім себептерін зертханалық тексеру арқылы анықтала ма, жоқ па тексеріледі", – деп хабарлады ҚР БҒМ Балық шаруашылығы комитетінің баспасөз қызметі.