Маңғыстау медиа холдингінің басшысы төрт жылға сотталды
Маңғыстау медиа холдингінің бұрынғы директоры төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Ал компанияның бухгалтері жеті жылға сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Екеуіне бірнеше бап бойынша айып тағылды, солардың ең бастысы - бюджет қаражатын ұрлау. "Маңғыстау медиа" ЖШС-нің бұрынғы басшысы сотқа қатысқан жоқ. Ол ауруханада. Бірақ оның көмекшісіне сот залында кісен салынды. Бұған дейін екі айыпталушы да үй қамақта болған.
“Дүтбаева Айсұлу Қабышқызы қылмыстық кодекстің 189-бабв, 3-бөлімі, 1, 2-тармағы “Сеніп тапсырылған бөтеннің қаражатын ысырап ету” бойынша кінәлі деп танылсын. Оған 4 жылға бас бостандығынан айыру тағайындалсын”, – деді Ақтау қалалық сотының судьясы Марет Ковраева.
Өткен жылдың мамыр айында аудиторлық тексеру жергілікті газеттер бірлестігінде 57 млн теңге жетіспейтіні анықталған. Бірақ прокурорлардың араласуынан кейін бұл сома 4 миллионға азайды. Ақша бірлесіп ұрланған деп есептелді. Медиахолдинг басшысы үш бап бойынша сотталды.
“Немқұрайлылығы – өзінің ЭЦҚ кілтін бухгалтерге тапсыруы. Бірақ немқұрайлылық бабы бойынша тек мемлекеттік қызметшілер сотталажы, ал менің анам мемлекеттік қызметші емес. Біз апелляциялық шағым береміз”, – деді сотталған директордың қызы Карина Құрманалина.