МӘМС жүйесін не күтіп тұр – Премьер-министрдің орынбасары жауап берді
Денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселенің бірі – МӘМС. Елімізде 2 миллионнан астам адам жүйеден тыс қалып отыр. Даудың басты тақырыбына айналған жүйе тоқтай ма? Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Primeministr.kz
Оның сөзінше, МӘМС тоқтамайды, бірақ жетіле түседі. Ол МӘМС әлемдік тәжірибеде қолданылып жүрген тиімді жүйе екенін айтты.
"МӘМС-ке қатыспаған адамдар кепілдендірілген медициналық көмекті алып жатыр. Ал жалпы МӘМС-тің өзі бойынша біз жұмысты бастадық. МӘМС жүйесі жұмыс істейтін шетелдерде азаматтарды іздеп шақырып, көмек сұрайды. Бізде азаматтар емханаларды өздері іздеп жүреді. Осындай проблемалар бар", – деді ол.
Cондай-ақ вице-премьер МӘМС жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуіне себеп болып отырған бірнеше проблеманы атады.
"Мемлекет басшысы кепілдендірілген сақтандыру пакеттерінен бір пакет жасау керек екенін айтты. Оны қазір бастаймыз. Екіншіден, тарифті көтеру мәселесін де қарастырамыз. Үшінші мәселе азаматтардың қатысуы жөнінде. Қазір қатысуға мүмкіндігі бар, еңбек табысы бар азаматтарды тарту бойынша жергілікті жерлерде жұмыстар басталды. Мүмкіндігі жоқ азаматтарды жергілікті атқарушы органдармен бірге қарастырамыз.
Естеріңізде болса, мемлекет басшысы "дәрігерлер мен медициналық қызметкерлерді қағазбастылықтан босатыңдар" деп айтқан. Бұрын әрбір мекеме 6 келісімшарт жасайтын еді, биылдан бастап оны бір мекеме бір келісімшарт жасайтындай еттік", – деді ол.
Бұған дейін үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің іске қосылғанына бес жыл болса да әлі күнге дейін өзгеріс жоқ екенін айтқан еді.