МАЭК қызметкерлері тұз қышқылына күйіп қалды

Фото: Ru.freepik.com
Ақтаудағы “Маңғыстау атом-энергетикалық комбинаты” кәсіпорнында жұмыс кезінде тұз қышқылы шашырап, екі қызметкер күйік алды. Зардап шеккендер облыстық ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Жазатайым оқиға 23 сәуір күні сағат 10:30-да “Дистиллят өндіру және өнеркәсіптік жылу-су қамтамасыз ету” зауытының №1 цехында болды. Тұз қышқылын айдау жұмыстары аяқталған кезде ерітінді шашырап, салдарынан екі қызметкер зардап шекті. Бұл ақпаратты Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті растады.
Қызметкерлер “Газотурбиналық қондырғы-3” негізгі конденсаторын қышқылмен жуып жатқан. Ерітінді сорғы арқылы шлангпен өткен.
Жұмыс аяқталып, жабдық өшірілгеннен кейін шлангты ажырату кезінде ерітінді шашырап, жұмысшылардың беті мен көзіне тиген.
Зардап шеккен қызметкерлер жедел түрде Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізілді. Оларға медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
-
Алматыда ер адам кафеден тапсырыс берілген сусынды ішіп өңешін күйдіріп алған
-
Павлодардағы мектепте 6-сыныптың жеті оқушысы химиялық затпен ойнап күйіп қалды
Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Кемаловтың айтуынша, болған оқиға туралы жұмыс беруші белгіленген тәртіппен Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментіне хабарлады.
“Қазір жарақаттардың ауырлық дәрежесі бойынша медициналық қорытындыны күтіп отырмыз. Егер ауыр немесе топтық жазатайым оқиға белгілері анықталса, тергеу мемлекеттік еңбек инспекторының қатысуымен арнайы тергеу түрінде жүргізіледі", – Бауыржан Кемалов.
"Сот шешіміне дейін пәтерде тегін тұра ала ма": Үй иелері мен жалға алушылар Қазақстандағы жаңа өзгеріске байланысты нені білуі керек