Лос-Анджелестегі өрт cалдарынан Голливуд жұлдыздары үйінен айырылды
АҚШ-та Лос-Анджелестегі ең жойқын өрттен көптеген Голливуд жұлдыздарының үйі жойылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Reuters
Лос-Анджелестегі өрттен кем дегенде бес адам қаза тауып, 100 000 адам эвакуацияланды. Голливуд жұлдыздарының виллалары орналасқан беделді аймақтар бұзылды. Олардың кейбіреуі баспанасынан айырылды.
Өртке оранған Тынық мұхиты Палисадтары аймағында АҚШ-тағы ең қымбат жылжымайтын мүліктер орналасқан. Үйлердің орташа бағасы – 4,5 миллион доллар (2,3 миллиард теңге). Мұнда Бен Аффлек, Риз Уизерспун, Майкл Китон, Адам Сэндлер сынды актерлер тұрады.
Тілсіз жаудан келген шығын – 57 миллиард доллар.
Актер Билли Кристал да үйінен айырылды. Билли бұл үйде 1979 жылдан бері тұрып, балалары мен немерелері сонда тәрбиеленгенін, енді барлық естелік өртке оранғанын айтты.
Актриса әрі әнші Пэрис Хилтон Малибудағы үйі өртеніп жатқанын жаңалықтардан көргенін айтты.
"Мұны ешкім бастан өткермеуі керек. Бұл үйде көптеген құнды естеліктер болды. Десе де, мен отбасымның қауіпсіз болғанына ризамын", – деп жазды Хилтон әлеуметтік желіде.
Актер Джеймс Вудстің жеке үйін жалын қиратты. Актердің айтуынша, оның бүкіл көшесі өртеніп кеткен, көршілерінің бірі үйі өртеніп кетерден бір сағат бұрын ақыл-есі кем 90 жастағы жергілікті тұрғынды аман алып қалған.
Үйлерінен айырылғандар арасында Мэнди Мур, Анна Фарис, Кэри Элвес, Адам Броди және Лейтон Мистер, Евгений Леви, Джон Гудман, Дженнифер Грей, Майлс Теллер, Энтони Хопкинс, Коби Смулдерс бар.
2021 жылы Лос-Анджелестен үй сатып алған ресейлік әнші Алексей Воробьев те эвакуациялануға мәжбүр болды.
Том Хэнкстің ұлы, актер Чет Хэнкс өзі өскен ауданның "өртеніп кеткенін" жазды және Тынық мұхитындағы Палисадтар үшін дұға етуге шақырды.
Сонымен қатар өрт Голливуд фильмдерінің танымал түсірілім орны болған Palisades Charter School-ды жойды.
Лос-Анджелес аймағындағы өртке байланысты Grey's Anatomy, Fallout, Suits: Los Angeles, Джимми Киммел шоуы және басқа да жобалардың түсірілімі тоқтатылды. Фильм премьералары, марапаттау рәсімдері, спорттық матчтар мен музыкалық қойылымдар да тоқтатылды.
Еске салсақ, АҚШ-тағы Лос-Анджелес маңында орман өртіне байланысты эвакуация жарияланғаны айтылған еді.